Экспорт па, импорт па: Қазақстанның мұнай саласын не күтіп тұр

Қазақстан мұнай өндіру көлемі бойынша әлемдік нарықта орны бар елдердің қатарында. Алайда соңғы жылдары сарапшылар мен билік өкілдері шикізаттық модельден бас тартып, көмірсутек шикізатын терең өңдеуге көшу қажеттігін жиі айта бастады. Бұл бағыттағы негізгі сұрақтардың бірі – төртінші мұнай өңдеу зауыты салынса, ол ел экономикасына не береді?

"Толық өңдеу қуаты алдағы жылдары жетпеуі мүмкін"

Биыл қыркүйекте мұнай өңдеу саласын дамытудың 2040 жылға дейінгі ұзақмерзімді тұжырымдамасын әзірленді. Аталған құжатта Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытын салу да қамтылған.

"Елімізде жаңа МӨЗ салу қажеттілігі неден туындады?" Сұрақты төтесінен Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовке қойдық.

Расымен айту керек, алдағы жылдары толық мұнай өңдеу қуаты жеткіліксіз болуы мүмкін. Келесі жылы елдегі үш мұнай өңдеу зауытында жөндеу жұмыстары жүргізіледі, соған байланысты өндіріс көлемі уақытша азаяды. Бірақ қазір Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын арттыру жұмыстарын бастап кеттік – 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін өседі, – деп жауап берді министр.

Оның айтуынша, бүгінде Қазақстан дайын мұнай өнімдерін экспорттамайды. Ал бұл – бюджет үшін пайдаланылмай отырған әлеует.

Мұнай өнімдері – қосымша табыс көзі. Көрші Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстан мұнай өнімдерін негізінен Ресейден алады. Қазақстанның бұл нарыққа шығуға мүмкіндігі бар, сол мүмкіндікті пайдалануымыз керек, – деді Ерлан Ақкенженов.

Министр жаңа зауыттың орналасу логикасына да тоқталды.

Мұнай – батыста. Сондықтан мұнай өңдеу зауытының жобасын Батыс Қазақстан өңірінде салуды жоспарлаймыз, – деді ол.

"Мақсат – шикізаттан терең өңдеуге көшу"

Энергетика министрлігі Мұнайды тасымалдау және өңдеу департаменті директорының орынбасары, энергетика саласының сарапшысы Талғат Макуов шикізаттан өнімге көшетін кез келді деп отыр.

Тапсырманың түпкі мәні – шикізаттық экономикадан көмірсутек шикізатын терең өңдеуге көшу. Мұнай өңдеу көлемін жылына 39–40 млн тоннаға дейін жеткізу қажет, – деді Талғат Макуов.

Деректерге сүйенсек, бүгінде Қазақстанда жыл сайын 90–100 млн тонна мұнай өндіріледі. Алайда оның едәуір бөлігі шикі күйінде экспортқа кетеді.

Бұл мақсатқа қолданыстағы зауыттардың кеңейту әлеуетін барынша пайдалану және жаңа мұнай өңдеу кешенін салу арқылы қол жеткізу жоспарланып отыр, – деді ол.

Жаңа зауыт қандай болады?

Энергетика саласының сарапшысы Талғат Макуовтың пайымдауынша, жаңа зауыт салу үшін инвесторлар таңдалады.

Жаңа мұнай өңдеу зауытын 2028–2040 жылдар аралығында салу көзделіп отыр. Кәсіпорынның басты ерекшелігі – заманауи отын-мұнай-химиялық конфигурация, – деді.

Оның айтуынша, зауыт икемді схема бойынша жұмыс істейді. Яғни нарықтағы сұранысқа қарай:

  • бензин,
  • дизель отыны,
  • авиациялық керосин,
  • сонымен қатар:
  • бензол,
  • ароматты қосылыстар,
  • альдегидтер және өзге де мұнай-жаң химия өнімдері өндіріледі.

Мемлекеттік тұжырымдама: кезең-кезеңімен іске асыру

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мемлекеттік тұжырымдамаға сәйкес барлығы кезең-кезеңімен жүзеге асатынына тоқталды.

2025 жылғы 8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Жолдауында көмірсутек шикізатын терең өңдеу қажеттігін атап өтті, – деді вице-министр.

Оның мәлімдеуінше, 2025–2040 жылдарға арналған мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасы Үкімет қаулысымен бекітілген.

Тұжырымдамаға сәйкес:

  • 2028–2030 жылдары – алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме (pre-FEED);
  • 2030–2032 жылдары – жобалық-сметалық құжаттама;
  • 2032–2040 жылдары – жылына 10 млн тонна жаңа мұнай өңдеу зауытын салу жоспарланған.

Қолданыстағы зауыттардың әлеуеті қандай?

Сұңғат Есімхановтың айтуынша, қазіргі МӨЗ-дердің бірқатар артықшылықтары бар:

  • тәжірибелі кадрлар;
  • дамыған инфрақұрылым;
  • мұнай құбырлары;
  • теміржол және автожол желісі;
  • энергия көздері мен тиеу эстакадалары.

Бұл факторлар жаңа зауыт салу туралы шешімді асықпай, есеппен қабылдауға мүмкіндік береді.

Тұтынудың өсімі және дизель мәселесі

Тұжырымдама халық санының өсуін де ескереді. Болжам бойынша, Қазақстан халқы 20 млн-нан 27,7 млн адамға дейін артады. Бұл дизель отынына сұранысты күшейтеді.

Есептерге сәйкес:

  • 2030 жылы Шымкент МӨЗ кеңейген соң дизель бойынша 1,8 млн тонна профицит пайда болады;
  • 2030–2036 жылдары сұраныс тағы 2 млн тоннаға өседі;
  • 2040 жылға қарай жаңа зауыт іске қосылса, ішкі нарық толық қамтылып, экспортқа жол ашылады.

Баға мен инфляция: зауыт бәрін шеше ме?

"NAC Analytica" ҚҚ басқарма төрағасы, экономист Расул Рысмамбетов мәселеге қатысты өз пікірін білдірді.

Жаңа мұнай өңдеу зауыты жанармай бағасына бірден әсер етеді деу қиын. Қазір негізгі мәселе – жанармайдың контрабандасы, яғни заңсыз тасымалдар, – дейді экономист.

Экономистің пікірінше, тағы бір маңызды түйін – баға саясаты.

Инвестор зауытты салар алдында жанармай бағасы нарықтық деңгейге жеткенін көруі керек. Бағалар көрші елдермен шамалас болмаса, жеке инвестор мемлекеттік кепілдіксіз мұндай жобаға бармайды, – деді Расул Рысмамбетов.

Сарапшы инфляция мәселесін де айналып өтпеді.

Бағалар нарықтық деңгейге жеткенше белгілі бір инфляциялық қысым болуы мүмкін. Бірақ ол өз коридорын өткесін, жағдай тұрақталады, – деп түйіндеді сарапшы.

Төртінші мұнай өңдеу зауыты – жеке бір жоба емес, Қазақстанның энергетикалық және экономикалық саясатының ұзақ мерзімді бағыты. Алдымен қолданыстағы зауыттарды кеңейту, кейін жаңа кешен салу – тәуекелі есептелген, кезең-кезеңімен жүретін стратегия.

Бұл жолда басты сұрақ зауыттың өзі емес, нарық, баға және инвестициялық орта болатыны сөзсіз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы