Бүгiн 2026, 13:28 Фото: pexels.com

Экспорт импорттан асып түсті: Қазақстанның сыртқы саудасы 11 млрд долларға жетті

2026 жылдың қаңтарында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы күрт өсіп, 11 млрд долларға жетті.

2026 жылғы қаңтарда Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 11 млрд долларды құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15,9%-ға артқан, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, Қазақстаннан экспортталған тауар көлемі 6,3 млрд долларға жетіп, бір жыл ішінде 22,8%-ға өскен. Ал импорт көлемі 4,68 млрд долларды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 7,7%-ға артты. Осылайша елдің сауда балансы оң деңгейде сақталып отыр, яғни экспорт көлемі импорттан едәуір жоғары.

Қазақстан экспортының негізгі бөлігін әлі де шикізаттық тауарлар құрайды. Шетелге шығарылатын өнімдердің шамамен жартысы мұнай мен мұнай өнімдеріне тиесілі – 49,1%. Сондай-ақ рафинирленген мыс – 6,6%, мыс кендері мен концентраттары – 3,7%, ферроқорытпалар – 3,2% және бидай – 3,2% үлеске ие.

Импорт құрылымында негізінен техника мен өнеркәсіптік өнімдер басым. Қазақстан ең көп сатып алатын тауарлардың қатарында электр генераторлары мен электр түрлендіргіштері – 5,7%, мұнай газдары – 4,7%, автокөлік кузовтары – 3,3%, жеңіл автомобильдер – 3,2%, сондай-ақ телефон аппараттары – 2,8% бар.

Қазақстандық тауарлардың негізгі сатып алушыларының қатарында Италия көш бастап тұр – экспорттың 19%-ы осы елге тиесілі. Одан кейін Қытай – 14,3%, Ресей – 8,6%, Франция – 6,8%, Нидерланд – 6,5% және Түркия – 6,3%.

Ал Қазақстанға тауар жеткізетін негізгі елдер қатарында Қытай (импорттың 33,9%-ы) мен Ресей (29,2%) алдыңғы орында. Сондай-ақ Германия, АҚШ, Оңтүстік Корея және Түркия да ірі сауда серіктестерінің қатарында.

Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен сауда көлемі де артқан. Қаңтар айында Қазақстанның ЕАЭО мемлекеттерімен тауар айналымы 2,16 млрд долларды құрап, бір жыл ішінде 15,4%-ға өсті. Бұл ретте одақ ішіндегі сауданың шамамен 89%-ы Ресейге тиесілі.