ЭКСПО аумағындағы пәтерлерді сату қайта жаңғыртылды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялық қызметінде ЭКСПО-2017 аумағында орналасқан көппәтерлі тұрғын үйлерді өткізуді қайта жалғастыруға арналған брифинг барысында «Бәйтерек девелопмент» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Асқарбек Өсербаев мәлімдеді. 


«Мұндағы баспаналар қолайлылығы жағынан екінші деңгейдегі баспана болып табылады, яғни, бизнес-класс санатына жатады. Тұрғын үй кешенін әрлеу кезінде экологиялық таза материалдар қолданылды. Тұрғын үй кешеніндегі жылжымайтын мүлікті сату құны 1 шаршы метр үшін 399 090 мың теңгені және бір көлік орны үшін 735 мың теңгені құрайды. Аталған тұрғын үй кешеніндегі баспаналар бизнес-класс санатына жататындықтан, әлеуетті сатып алушылар табысы орташа деңгейдегіден жоғары азаматтар болуы керек», - деді басқарма төрағасының орынбасары. 

Өсербаев пәтерлерді сату механизмінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында «Digital Baiterek» кәсіпкерлікті қолдаудың бәрыңғай порталында баспана сатып алуға өтініш жолдаудың электронды жүйесі іске қосылғанын айтты. 

«Баспананы азаматтар жеке қаражатына немесе екінші деңгейлі банктен ипотека рәсімдеу арқылы сатып ала алады. Сату жүзеге асырылған 7 ай ішінде бүгінгі күнге дейін 3,9 млрд теңгеге 148 пәтер және 72 млн теңгеге 103 көлік орны сатылды. Сатып алушылар санын арттыру мақсатында біз қосымша механизмдерді іске қостық. Соның ішінде, 3% жылдық мөлшерлемемен 12 жылға жеке тұлғаларға бөліп төлеу мүмкіндігі ұсынылып отыр», - деді Өсербаев. 

Алайда, оның берген ақпаратына сәйкес, жылжымайтын мүлік құнын бөліп төлеу механизмі тек тұрғын үйлерге ғана қатысты болып отыр. Көлік қоятын орынды сатып алу үшін оның құнын толық төлеу қажет. 

«Баспананы бөліп төлеу әдісімен сатып алу үшін сатып алушыға ең алдымен төлем қабілеттілігін растау қажет. Бұл қызмет құны 5 мың теңгені құрайды. Одан соң, пәтер құнының кемінде 20 процентін құрайтын алғашқы жарнаны, 3 айлық төлеу көлеміндегі кепілдендірілген жарнаны төлеу керек. Содан кейін сатып алатын пәтерді кепліге қою келісімшартын жасап, жылжымайтын мүлікті бөліп төлеу мерзіміне сақтандыру қажет. Бұл әлеуетті сатып алушы орындауы қажет міндетті шаралар.

Айта кету керек, бөліп төлеу арқылы бір азамат тек бір ғана пәтер мен екі көлік орнын рәсімдей алады. Осылайша, «Бәйтерек девелопмент» ЭКСПО-2017 аумағындағы көппәтерлі тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді сатуды ағымдағы жылдың 15 ақпанынан бастап қайта іске қосып отыр», - деді компания басшысының орынбасары.
Ақмарал ШАҒАТАЙ
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы