Экс-министр Өскенбаев 2022 жылда қандай жұмыстар атқарды?
Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің экс-басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2022 жылы өңдеу өнеркәсібіне талдау жүргізіліп, ішкі нарықты молайтуға және экспортты дамытуға бағытталған жобалар айқындалды. Жұмыс істеп тұрған өндіріс орындары мен іске асырылып жатқан жобаларды қолдау бойынша жеңілдікпен қаржыландыру, инфрақұрылымды жүргізу, кадрлық әлеуетті арттыру және шикізатпен қамтамасыз ету сынды жүйелі шаралар қарастырылды, - деп жазды ол.
Сондай-ақ экс-министр 2022 жылдың басында Президенттің алға қойған міндеттеріне сәйкес министрлік арнайы экономикалық аймақтар қызметінің тиімділігін арттыру мен ондағы басқарушы компаниялардың кадрлық құрамын нығайту жөніндегі жол картасын бекітіп, қатты пайдалы қазбаларды өндіру мен игеруге арналған келісімшарттарға тексеру жүргізгенін айтты.
Отандық вагондарды сатып алуға кредит беру кезінде вагон операторларына арналған сыйақы мөлшерлемесін 10%-ға дейін субсидиялау тетігі енгізілгенін жеткізді. Ақтауда контейнерлік хаб құру, Транскаспий дәлізін дамыту сынды ірі жобаларды іске асыру басталғанын еске салды.
2022 жылдың мамыр айында табысы шектеулі 70 мыңға жуық азаматтың баспана мәселесін шешу үшін жеке тұрғын үй қорындағы пәтердің жалға алу ақысын субсидиялау тетігі іске қосылды. Сондай-ақ кредиттік тұрғын үй құрылысы мен «Отбасы банкі» арқылы кезекте тұрғандар үшін 10% бастапқы жарнамен 2-5% мөлшерлемесі бойынша жеңілдікпен несиелеу жалғасын тапты, - деді экс-министр.
Бұдан басқа Қайырбек Өскенбаев тығыз орналасқан және бейберекет құрылыс мәселелерін шешуге бағытталған құрылысты жоспарлаудың жаңа стандарттары енгізілгенін айтты. Саланы цифрландыру арқылы құрылыс сапасын жақсарту үшін іске қосылған eQurylys ақпараттық жүйесін атады. Аталған платформа тұрғын үй объектілері мен автомобиль жолдарының құрылысын онлайн режімде бақылауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, министрлік мемлекеттік бақылау және объектілерді пайдалануға қабылдау жүйесін толығымен қайта қарап, бақылау тетігін қатаңдатты. Енді объектілердің пайдалануға дайын екендігін растау үшін оларды қабылдауға мемлекеттік Сәулет-құрылыс бақылау басқармасы міндетті түрде қатысады.
Айта кету керек, азаматтық авиация саласында жолаушылар ағынының ұлғаюына байланысты жаңа ұшақтар сатып алу бойынша да жұмыстар жалғасып келеді. 2022 жылдың аяғына қарай қазақстандық авиакомпаниялар бірнеше әуе кемесін сатып алды. Ал 2025 жылға дейін қазақстандық әуе кемелерінің паркі 51 ұшақпен толықтырылады.