Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы 8 жылға сотталды
Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына сот үкімі оқылды, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Сот оған 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Айта кетейік, бұған дейін прокурор бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.
Арыстанбек Мұхамедиұлы Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі және 189-бөлігі 4-тармағы 2-тармағы бойынша құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын, - деді судья Бағлан Ыдырысов.
Еске салсақ, Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы 2022 жылдың 28 мамырында қамауға алынған болатын. Ал 16 маусымда Астана қаласы Байқоңыр ауданының 2 сотында ол соңғы сөзін сөйлеп, кез келген жазаға келісетінін, бірақ бюджет қаражатын жымқыру деген айыппен келіспейтінін айтқан болатын.
Құрметті судья, мен кез келген жазаға келісемін, тіпті ату жазасы болса да. Бірақ жымқырды дегенге емес. Қазақтың керемет мақалы бар: «Өлімнен ұят күшті». Мен 60 жыл лайықты өмір сүрдім, - деп мәлімдеді экс-министр.
Арыстанбек Мұхамедияұлына «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлады және лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланды деген айып тағылып отыр.