Экс-банкир: «Ертаев сияқты ұры болмаңдар» деген нақыл айтылса, өзіме де обал жоқ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сотталып жатқан экс-банкир Жомарт Ертаевқа сот залында соңғы сөз берілді. Ертаев соңғы сөзден бас тартпай, істеген ісіне өкінетінін жеткізді.
Бұл туралы zakon.kz жазды.
Тергеу мәліметінше, Ертаев 2011-2017 жылдар ішінде Bank RBK-ның 144 млрд теңгесін жымқырып үлгерген. Алдыңғы аптада прокурор оны 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
Экс-банкирден бөлек, іс бойынша тағы 36 адам айыпталуда.
Бүгін 28 қыркүйекте Жомарт Ертаев соңғы сөзін сөйледі.
Ақшаға бақытты сатып алуға болмайтынын ұмытып кетіппін. Ақшаға тоймайтын күнәһар болдым ақыры. Енді отырмын бәрінен айырылып. Абыройдан жұрдай болып, бостандықтан айырылып. Менің есімім ертең «Ертаев сияқты ұры екен» деген теңеумен халықтың арасында тарап кете ме деп қорқамын. Қоғам мені әлі талай жыл ұмытпайтын шығар. «Ертаев сияқты ұры болмаңдар» деген нақыл айтылса, өзіме де обал жоқ, - деді ол.
Ол қызметін енді бастағанда, байлықты мақсат етпегенін айтты. Бірақ кейін байлыққа қызығып, тура жолдан тайып кеткенін мойындады.
Мені аяудың қажеті жоқ. Лайық жазамды алайын. Мен бәрін мойындадым. Менің банк және бөтеннің активтерін басқаруыма өмір бойы тыйым салынатыны анық. Ендеше, мен бұдан былай қоғамға қауіпті бола алмаймын, - деді Ертаев.
Бұрынғы банкир сот залында өкініп, шын ниетімен кешірім сұрады.
Жоқшылықта өсіп едім. Бала кезімде еден жудым, барахолкада сауда жасадым. Шешем мені Құдайға сену мен адал еңбекке үйретті, обалы не керек. Құдай маған тәп-тәуір ми берді. Бірақ мен жүре келе арымды сатып, ақша деп адасып кеттім. Қамауда отырған жылдар ішінде ұятым орнына келді, миым кеуіп кеткен жоқ. Адал жолмен ақша табу қолымнан әлі де келеді. Бұл ақша деген мен үшін енді дүниедегі ең маңызды нәрсе емес болып қалды. Тек жәбірленуші тараптың шығынын өтеп берсем болды, сосын балаларымды аяғынан тұрғызып, өзіммен-өзім гармония болып, тыныш тіршілік кешсем болды, - деп айтты экс-банкир.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Атырау облысында карантин мерзімі ұзартылды
Келесі жаңалық
Шымкентте жыл соңына дейін 9 мектеп құрылысы аяқталуы керек
Өзгелердің жаңалығы