Экс-әкім Қуанышбек Ысқақов 7 жылға бас бостандығынан айырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ол мемлекеттік, ұлттық және квазимемлекеттік ұйымдарда қызмет атқару мүмкіндігінен айырылды.

Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақов кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды @yyedilov телеграм-каналы. Қызылорда қалалық №2 сотында эск-облыс әкімінің ісі бойынша үкім жарияланды. Ысқақов орта режимдегі колонияда 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол мемлекеттік, ұлттық және квазимемлекеттік ұйымдарда қызмет атқару мүмкіндігінен айырылды.

Бұған дейін прокурор оған 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған болатын.

Осы жылдың 27 наурызында Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақовтың ұсталғаны туралы қауесет тараған еді. Келесі күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны қызметінен босатты. Бір күннен кейін экс-әкімді аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген күдікпен үй қамаққа алғаны туралы ресми ақпарат пайда болды.

Тергеу нұсқасы бойынша, Ысқақов оқ-дәрі қоймаларында жарылыс болған Арыс қаласын қалпына келтіру үшін алдау және сенімге қиянат жасау жолымен 80 млн теңге алған. Бұл ақша «Сыр мейірімі» қоғамдық қорында сақталды. Тергеу қор басшысы ақшаны бірнеше құрылыс фирмасы шоттарына аударды деп санайды. Болашақта ақшаны бұрынғы облыс әкіміне беру үшін қолма-қол ақшаға айналдыру керек еді.

Қуанышбек Ысқақов 2019 жылдың 28 маусымынан бастап әкім қызметін атқарды. Бұған дейін ол облыс әкімінің орынбасары, қаржылық бақылау инспекциясының басшысы, Маңғыстау облысы бойынша Салық департаментінің бастығы болып жұмыс істеген.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы