Екпінді ауылында 20 метрлік Ту тұғырға қонды

Алакөл ауданына қарасты Екпінді елді мекенінде 20 метрлік Мемлекеттік Ту тұғырға орнатылды. Ауыл түлектері елдігімізді насихаттау мақсатында осындай сый жасаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Көк байрағымызды көкке көтеріп, ұлттық құндылықтарымызды ұрпаққа үлгі етуге оқталған ауыл азаматтарының әрекеті көпке үлгі боларлық. М.Әубәкіров атындағы орта мектепті 20 жыл бұрын бітірген түлектер мен ауыл азаматтары жастардың жігерін шыңдап, көк Туды көкке қондырған.

Осы ауылдан түлеген азаматтар ақылдаса келе көк Туымызды асқақтатып, ауыл балаларын бірлікке шақыруды міндет еттік. Қазақ даласы қай уақытта да өзінің нышандарымен биік. Елтаңба, әнұран, Ту бұл айнымыс ұлы құндылықтары. Осыны жастардың санасына сіңіру қажет. Алыстан келген қонақтардың көзіне бірден оттай басылады. Ауылға қыдырып келген шетел азаматтары да ұлттың татулығын көреді, - дейді ауыл азаматы Оралов.

Мемлекеттік Туды ауыл ақсақалдары Б.Қапсалямов пен Қ.Мұқашев тұғырға көтерді. Екпінді ауылдық округінің әкімі Ә.Қыстаубаев туған ауылына ерекше сый жасаған азаматтарға алғысын жеткізді.

Аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Б.Айтахметов 2004 жылғы түлектердің патриоттық тәрбиені көздеген игілікті ісіне ризашылығын білдірді.

Алакөлге демалып келушілер өте көп. Әсіресе алыс-жақын шетелден келетін туристер осындай ұлттық нышандарға өте мән береді. Шипалы көлге бара жатқан жұртты көк Туымыз алыстан қарсы алатын болады, - деді Айтахметов.

Бұл тұғыр аядай ғана ауылдың көрнекті орындарының біріне айналады деп сенеміз. Алдағы уақытта ауыл азаматтары Ту тұғыр орнатылған жерді абаттандырып, ағаш отырғызып, гүл екпек. Әрі ауыл жастарына қолдау көрсетуге дайын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Екпінді ауылы әкімінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы