"Екпесі жоқ балаларды ауруханаға жатқызбайды": Дәрігер жауап берді
Екпе егілмеген бала қызылша жұқтырса, оны ауруханаға жатқызбайды деген ақпарат соңғы кезде жиі талқыланып жүр. Осы мәселенің мән-жайын нақтылау үшін Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне ресми сауал жолдадық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Департамент елордада қызылшаға қатысты эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты балаларды стационарға қабылдау тәртібін түсіндірді.
Ведомствоның ұсынған мәліметіне сүйенсек, Астана қаласы бойынша 2026 жылғы 27 қаңтарда санитариялық-эпидемиологиялық (профилактикалық) іс-шараларды жүргізу туралы қаулының 1.7-тармағына сәйкес, балалар стационарларына жоспарлы түрде жатқызу тек қызылшаға қарсы вакцинация болған жағдайда ғана жүзеге асырылады.
Сондай-ақ балаларды жоспарлы емдеу мақсатында ауруханаға қабылдау қызылшаға қарсы екпенің құжат арқылы расталғаны кезде ғана жүргізіледі. Яғни құжаттамада вакцинация жасалғаны немесе бала бұрын қызылшамен ауырғаны туралы мәліметтер болуы қажет. Бұл талап кездейсоқ енгізіліп отырған жоқ. Қойылған шектеу ауруханаішілік инфекцияның таралуына жол бермеу, сондай-ақ стационар жағдайында қызылшаның алдын алу мақсатында қабылданған, - деп атап өтті елорданың бас санитариялық дәрігері Айгүл Шағалтаева.
Сондай-ақ дәрігер қызылшаның аса қауіпті екенін ескертті.
Себебі бұл инфекция өте жұқпалы вирустық аурулардың бірі, ауа-тамшылы жолмен таралады және жабық орындарда едәуір қашықтыққа дейін жұғуы мүмкін. Вирустың стационарға енуі үлкен қауіп төндіреді. Өйткені аурухананың бөлімшелерінде әлсіреген балалар, оның ішінде созылмалы аурулары бар және иммунитеті төмендеген балалар ем алады. Мұндай балалар үшін қызылша ауыр түрде өтіп, әртүрлі асқынулармен қабаттасуы ықтимал, - деді ведомство өкілі.
Сонымен қатар департамент бұл шектеудің тек жоспарлы түрде стационарға жатқызуға қатысты екенін нақтылады.
Ал шұғыл медициналық көмек пен шұғыл емдеуге жатқызу баланың вакцинация мәртебесіне қарамастан толық көлемде және кідіріссіз көрсетіледі, - деді Айгүл Шағалтаева.
Еске салайық, бұған дейін елордада қызылша қайта күшейіп, 900-ге жуық бала вирус жұқтырғаны туралы жаздық.