Екпе жүргізу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр – Жамбыл облысының бас санитар дәрігері
Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі таңда Жамбыл облысы аумағында коронавирус індетіне қарсы екпе жүргізетін 36 екпе кабинеті жасақталған. Сонымен қатар 1 жылжымалы екпе пункті мен 16 көшпелі екпе жүргізетін бригада жұмыс жүргізіп отыр.
Бұл туралы өңірдегі снитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бағлан Қыдырбаев баяндап берді. Оның сөзінше, аймақта вакцинаны сақтау мен тасымалдауға арналған тоңазытқыштар мен рефрижераторлық типтегі кіріктірілген тоңазытқышы бар белсенді термоконтейнерлер жеткілікті мөлшерде алынған. Дайындықтан өткен 1 022 медицина қызметкері екпе жұмыстарына тартылыпты.
Коронавирус індетіне қарсы вакцинациялау екі кезеңмен жүргізілу үстінде. Бірінші кезеңде вакцинаның бірінші компоненті салынып, 21 күн өткеннен кейін екінші компоненті егіледі. Екпе салар алдында медицина қызметкері екпе алуышыны арнайы тексеруден өткізіп, ешқандай медициналық қарсы көрсеткіштер болмаған жағдайда ғана, екпе алушының ресми рұқсатынан кейін вакцинаны салады, -деп атап өтті Бағлан Жарылқасынұлы.
Аймақтың бас санитариялық дәрігерінің айтуынша, алғашқы кезекте КВИ науқастармен күнделікті тікелей жұмыс жасайтындықтан, жоғарғы қауіп-қатер тобына жататын денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне вакцина егілген. Бүгінде екпенің облысқа келуіне қарай, медицина қызметкерлері, мектептер мен колледждер, жоғары оқу орындарының мұғалімдері мен оқытушылары, балабақша қызметкерлері, полиция, әскери саланың қызметшілері және вакцина салдырамын деген барлық еріктілерге екпе жасалып жатыр.
Жамбыл облысына вакцина кезең-кезеңімен жеткізілуде. Қазіргі уақытта вакцинаның бірінші компонентінің 15 500 дозасы алынып, 7 сәуірге дейін 14 490 адамға екпе салынды. Оның ішінде 6 126 медицина қызметкері, 3 422 білім саласының маманы, 451 полиция департаментінің, ұлттық қауіпсіздік, әскери салалардың қызметкерлері, басқа да топтағы 4 328 адам бар. Сондай-ақ 64 студент, 1 медициналық-әлеуметтік мекеменің қызметкері, 98 мемлекеттік қызметкер екпемен қамтылды. Бұл көрсеткіш барлық вакцина алуы қажет контингенттің 93,5 %-ын құрайды, - деді Бағлан Қыдырбаев.
Өңірге вакцинаның екінші компонентінен де 15 500 доза жеткізіліп қойған. Оны бірінші дозаны алып, 21 күн уақыты өткізген 6 208 адам ектіріп үлгеріпті. Жамбыл облысының бас санитар дәрігері олардың 4 мыңнан астамы медицина қызметкері екенін жеткізді. Білім саласының мамандарынан 1 225 адам екен, полиция, ұлттық қауіпсіздік, әскери салалардың қызметкерлерінен – 29, басқа салалардан 902 азамат вакцинамен толық қамтылған. Сонымен қатар 9 студент, 10 мемлекеттік қызметкер екпе салдырған.
Екпе жүргізу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Жалпы биыл Жамбыл облысына 582 мың доза коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина жеткізу жоспарлануда. Қазіргі таңда біз қолданып отырған Ресей мемлекеті өнірісінен шыққан «Гам-Ковид-Вак», яғни «Спутник V» вакцинасы кезең-кезеңімен сынақтан өткен. Содан соң ғана ол өндіріске енгізілгенін білуге тиіспіз. Алдағы уақытта елімізге отандық өндірістен шығатын вакцинаны қолданылатын болады, - деді Бағлан Жарылқасынұлы.
Жауапты маманның сөзінше, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 77-бабына сәйкес, барлық медициналық процедуралар, соның ішінде вакцинация тек ақпаратқа қанық азаматтың келісімімен жасалады. Ескерерлігі, екпеден бас тартқан тұрғындар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды, яғни вакцинация тек ерікті түрде жүргізіледі.
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев бүгінде өңірде COVID-19 індетінің 6 613 жағдайы тіркелгенін мәлімдеді. Демек, 100 мың тұрғынға шаққанда аурушаңдық көрсеткіші 580,7-ні құрады. Ал пневмонияның 2 075 жағдайы орын алған, мұны 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш – 182,2.
Өткен тәулікте Жамбыл облысында КВИ-мен 39 науқас түсті. Тәуліктік өсім 0,6 % болып тұр. Жалпы, аймақта жұқпалы дертке шалдыққандардың 3 279-ы симптоммен, 3 334 науқас симптомсыз ауырды. Барлығы 6 209 азамат сауығып шықты. Өкініштісі, қауіпті дерт 64 азаматымызға ажал құштырды, - деген Әсет Әскерұлы бүгінде 1200 орындық нфекциялық стационарда 439 науқас ем алып жатқанын айтты.
Оның 32-сі реанимацияда екен. ПТР зерттеу нәтижелерімен бөліскен өңірдің бас дәрігері 2020 жылдың 29 қаңтары мен 2021 жылдың 7 сәуірі аралығында 361 578 жамбылдық тұрғын коронавирусқа қарсы сынама тапсырғанын да жеткізді.