Екпе кабинеттеріне бақылау камералары орнатылуда
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңіріндегі вакциналау кабинеттерінде бейнебақылау камералары орнатылуда. Басты мақсат - екпе салу процедураларын ашық жүргізіп, заңбұзушылықтарға жол бермеу.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазиновтың айтуынша, вакцина төлқұжаттарын қолдан жасау, екпе сұйықтығын төгу деректері тіркелсе, медициналық мекеменің бірінші жетекшілері жауапкершілікке тартылады.
Заңбұзушылықтарға жол бермеу үшін емдеу мекемелерінің басшылықтарына екпе салынатын пункттерге камера орнатуға ұсыныс бердік. Тиісті бұйрық шығардық. Бүгінде Павлодар қаласының барлық емханалары бейнебақылау құралдарымен қамтылды. Аудандық деңгейдегі мекемелерде де камералар орнатылды. Әрине, бүгінгі күні жасанды вакцина төлқұжаттарын жасаудың деректері тіркелген жоқ. Дегенмен, құқықбұзушылықтарға жол бермеуіміз керек. Камераларды қоюға шығын келтірілген жоқ. Жауапкершілік бас дәрігерлерге жүктеледі, - дейді Айдар Сейітқазинов.
Айта кетейік, облыста екпе алу қарқыны 1,6 есеге артты. Яғни, тәулігіне алты мыңға дейін азамат иммундау шараларына қатысады. Осы күнге дейін 160 мыңға жуық павлодарлық вакцинаның бірінші компонентін алды. Ал екінші компонент шамамен 90 мыңға жуық адамға салынды.
Қазіргі таңда өңірде 107 екпе кабинеті жұмыс істеп тұр. Ал демалыс күндері жылжымалы медициналық кешендер тиісті қызмет атқаруда.