Экосағат. Пластик пакеттердің орнына экосөмкелерді пайдалану керек - министр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Мәдениет және спорт министрі Нұр-Сұлтан қаласындағы №57 мектепте өткен экологиялық сағатқа қатысты.
Республиканың барлық мектептерінде өтіп жатқан акцияны қолдауға атсалысқан А.Райымқұлова алдымен білім ордасының жұмысымен танысып, оқушылар алдында сөз сөйледі.
«Әр секунд сайын 887 пластикалық бөтелке тасталады. Ал бір пластикалық бөтелкені ыдырату үшін 700 жыл қажет. Сондықтан пластикалық пакеттердің орнына экосөмкелерді пайдалану керек», - деді Мәдениет және спорт министрі.
А.Райымқұлова оқушыларды табиғатқа осы бастан жанашырлықпен қарауға шақырды.
Бұдан кейін министр мектептің кітапханасында эко-сабақ өткізді. Балаларға табиғаттың адам өміріндегі маңызы туралы әңгімелеп, жер, су, ауаны сақтау жайында кеңес берді. Экологияға деген жауапсыздықтың салдары сөз болған жиында балалар да министрге өз сауалдарын қойып, ашық пікір алмасты.
«Біз барынша энергия мен су шығындарын азайтуға атсалысуымыз керек. Өйткені, қазіргі уақытта суға деген сұраныс халық санына қарағанда 2 есе жылдам өсіп келеді»,- деді А.Райымқұлова.
Осыдан кейін Мәдениет және спорт министрі оқушылармен бірге мектеп ауласына ағаш отырғызды. Бұл ретте А.Райымқұлова балаларға табиғаттың ең маңызды элементі саналатын ағаш отырғызудың пайдасы жайлы айтып берді. «Бір ағаш 2 литр оттегін өндіре алады, ал бұл бір адам үшін 3 күнге жететін ауа. Табиғатқа жаны ашыған ғаламшардың әр тұрғыны жылына кемінде 14 ағаш отырғызуы тиіс» , - деді Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова.