Экономист: Зейнетақының өсуі бюджетке жасырын қауіп төндіреді

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақының 10 пайызға өсуі әлеуметтік қолдауды күшейтеді. Алайда бұл қадам бюджетке түсетін міндеттемелердің ұлғаюын жеделдетіп, қазірдің өзінде күрделі мәселеге айналып отырған жүктемені одан сайын арттыра түседі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2025 жылы республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 4 трлн 225 млрд теңге бағытталған. Зейнетақыны 2,49 млн адам алған. Ал биыл ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері 35 596 теңгеге дейін (күнкөріс минимумының 70 пайызы), ең жоғарысы 60 005 теңгеге дейін (күнкөріс минимумының 118 пайызы) өсті. Қолданыстағы параметрлер сақталған жағдайда табыстың артуы бір реттік шара емес, уақыт өте келе үнемі ұлғая беретін тұрақты міндеттеме сипатын алады.

BAQ.KZ тілшісі халықтың қартаюы мен кіріс базасының шектеулі өсуі жағдайында мұндай шешімдердің бюджет үшін қаншалықты қауіпсіз екенін анықтауға тырысты.

Экономист әрі R-Finance қаржылық кеңесшісі Арман Байғановтың айтуынша, бүгінде зейнетақы жүйесінің мәселесі тек әлеуметтік саясат шеңберінен шығып, мемлекеттің фискалдық тұрақтылығына тікелей әсер етіп отыр.

Ресми түрде алғанда, зейнетақының өсуі биылғы жылы бюджет тапшылығына әкелмейді. Бірақ бұл қысқамерзімді тұрақтылықтың иллюзиясы ғана. Зейнетақы міндеттемелері жинақталатын сипатқа ие, ал зейнеткерлер саны артқан сайын олар бюджет кірістеріне қарағанда жылдамырақ өседі. Соның салдарынан тапшылық қаупі жойылмайды, тек уақыт жағынан кейінге шегеріледі, – дейді сарапшы.

Экономистің айтуынша, жүйенің басты осал тұсы – демографиялық ахуал. Ол шығыстардың өсуін іс жүзінде қайтымсыз етеді. Бюджеттің басқа баптарынан айырмашылығы, зейнетақы төлемдерін әлеуметтік салдарсыз жедел қысқарту мүмкін емес.

Халықтың қартаюы зейнетақы шығындарының жаңа индексациялар болмаса да арта беретінін білдіреді. Әрбір өсім базада бекітіліп, болашақ міндеттемелерді ұлғайтады. Егер экономика соған сай қарқынмен дамымаса, бюджет сөзсіз тапшылыққа немесе қаражатты қатаң түрде қайта бөлу қажеттілігіне тап болады, – деп атап өтті Арман Байғанов.

Оның сөзінше, қосымша қысымды жинақтаушы зейнетақы жүйесінің әлсіз рөлі күшейтіп отыр. Бұл жүйе әлі күнге дейін болашақ төлемдердің толыққанды көзіне айнала алған жоқ. Қазіргі жарна мөлшерімен жинақтаушы жүйе солидарлық модельді алмастыра алмайды.

Зейнетақы қаражатын жаппай алу болашақ төлемдер үшін жауапкершілікті іс жүзінде қайтадан бюджетке жүктеді. Бұл мемлекеттің бүгінде тек қазіргі зейнеткерлерді ғана емес, келешектегі зейнеткерлерді де қаржыландырып отырғанын білдіреді, – деді Арман Байғанов.

Осындай жағдайда зейнетақы жүйесі фискалдық тәуекелдердің негізгі көздерінің біріне айналып отыр. Экономикалық ахуалдың кез келген нашарлауы – өсімнің баяулауы, салық түсімдерінің азаюы немесе бюджет кірістерінің төмендеуі маневр жасау мүмкіндігін күрт шектейді.

Экономистің пікірінше, түбегейлі өзгерістерсіз бюджетке түсетін қысым жыл сайын күшейе береді.

Егер зейнетақы активтерінің табыстылығы төмен күйінде қалып, жинақтаушы құрамдас бөлік нығайтылмаса, мемлекет бұл алшақтықты бюджет есебінен өтеуге мәжбүр болады. Бұл созылмалы тапшылыққа немесе зейнетақы жүйесінің параметрлерін әлдеқайда қатаң түрде қайта қарауға апаратын тура жол, – дейді ол.

Қорытындылай келе, сарапшы зейнетақы саясаты біртіндеп макроэкономикалық тұрақтылықтың негізгі факторларының біріне айналып келе жатқанын атап өтті.

Зейнетақының өсуі – әлеуметтік тұрғыдан орынды шара. Алайда бюджет тұрғысынан алғанда, ол ұзақмерзімді міндеттемелерді арттырады. Алдағы жылдары жинақтаушы модель, инвестициялық табыстылық пен демография бағытында жүйелі шешімдер қабылданбаса, тапшылық қаупі теориялық деңгейден шығып, бюджеттің тұрақты сипатына айналуы мүмкін, – дейді Арман Байғанов.

R-Finance экономисінің айтуынша, қазіргі бюджетке түсіп отырған жүктеме зейнетақы қаражатын инвестициялау мүмкіндіктерінің шектеулілігімен және жинақтаушы жүйеге аударылатын жарналардың салыстырмалы түрде төмен болуымен тікелей байланысты. Инвестициялық құралдар аясын кеңейтпей және жарналар үлесін арттырмай, мемлекет тапшылықты өз есебінен өтеуді жалғастыра береді, бұл фискалдық қысымды күшейтеді. 

Осы жағдайдан шығудың жолы ретінде Арман Байғанов жинақтардың табыстылығын арттыруға және бюджет жүктемесін азайтуға бағытталған нақты шараларды ұсынады.

Салымшылар мен жеке инвестициялық басқарушы компаниялардың әрекет ету еркіндігін кеңейту қажет. Бұл зейнетақы қаражатын тек Қазақстан ішінде ғана емес, шетелдік қаржы құралдарына да инвестициялауға мүмкіндік береді. Мұндай әртараптандыру табысты арттырады. Сонымен қатар, жарналар мөлшерін кезең-кезеңімен көбейтіп, жұмыс берушінің қатысуын ескере отырып, кемінде 15 пайыз деңгейіне жеткізуге ұмтылу керек. Жинақтардың табыстылығы неғұрлым жоғары болса, болашақта мемлекеттік бюджетке түсетін жүктеме соғұрлым азаяды, – дейді ол.

Экономист зейнетақы жинақтарынан қаражатты мерзімінен бұрын алуды шектеудің маңыздылығына да назар аударды.

Зейнет жасына жеткенге дейін қаражатты алу тәртібін барынша қатаңдату қажет, оны тек ерекше жағдайларда ғана рұқсат ету керек. Бұл зейнетақы активтерін қорғауға және бұрын қолданылған схемаларға ұқсас тәсілдердің алдын алуға мүмкіндік береді. Осы шаралардың жиынтығы – инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейту, жарна деңгейін арттыру және мерзімінен бұрын алуды шектеу жинақтаушы жүйенің табысын көтеріп, бюджетке ұзақмерзімді жүктемені азайтады, – деп түйіндеді Арман Байғанов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы