4 Қазан 2026, 12:21 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Экономист бюджет шығындарын қайта қарауды ұсынды

Оның пікірінше, бизнесті қолдау үшін әлеуметтік шығындарды қысқарту әлеуметтік мемлекеттің рөлін қайта бағалауға әкелуі мүмкін.

Экономист Айдархан Құсайынов мемлекеттік толық қамқорлығындағы азаматтарға зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақы төлеу тәртібінің ықтимал өзгеруіне қатысты пікір білдірді.

Бұған дейін Қазақстанда төлемдерді «70-ке 30» қағидаты бойынша жүзеге асыру тетігін өзгерту мәселесі қаралып жатқаны хабарланған еді. Бұл стационарлық мекемелерде, соның ішінде қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған интернат үйлерінде, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде тұратын азаматтарға қатысты.

Қолданыстағы тетікке сәйкес, зейнетақы немесе әлеуметтік жәрдемақының 30%-ы тікелей алушыға аударылады, ал 70%-ы мекеменің арнайы шотына түседі. Бұл қаражат әлеуметтік қызмет алушыларды күтіп-ұстауға байланысты қосымша шығындарға жұмсалады. Ал тұру, тамақтану, коммуналдық қызметтер, медициналық көмек, дәрі-дәрмек және оңалту шығындары мемлекет есебінен қаржыландырылады.

Ықтимал өзгерістер мекемелерге төлемдердің 70%-ын аударудан бас тартуды көздейді. Бұл бюджет есебінен онсыз да өтеліп отырған шығындардың қайталануына жол бермеу үшін ұсынылып отыр.

Құсайыновтың пікірінше, мұндай тәсілді бюджет саясатының кең аясында қарастырған жөн. Оның айтуынша, Қазақстан мемлекеттік шығындарды қатаң бақылауға көшіп, әлеуметтік шығындарды қысқартуы қажет.

Әлеуметтік мемлекет жағдайында әлеуметтік шығындар масылдық көңіл-күйді қалыптастырады. Сондықтан бұл бағытты қатаң реттеп, алаяқтыққа жол бермеу үшін мұқият бақылау қажет, – деп жазды экономист.

Ол сондай-ақ қалыптасып отырған модельде мемлекет еңбекпен тапқан зейнетақыны да, әлеуметтік қамсыздандыруды да оңтайландыруды қажет ететін шығын ретінде қарастыруы мүмкін екенін атап өтті.

Құсайыновтың бағалауынша, әлеуметтік салаға жұмсалатын бюджет шығынын қысқарту көлемі 10–30 млрд теңге болуы мүмкін. Сонымен бірге ол бұл соманы инвестиция мен құрылыс саласын мемлекеттік қолдау көлемімен салыстырды.

Әр теңге экономикаға, яғни бизнеске пайда әкелуі тиіс. Масылдық пен әлеуметтік салмақ – әлеуметтік төлемдерге, жалақыға, мемлекеттік медициналық қамтамасыз етуге қойылатын талаптар неғұрлым аз болса, соғұрлым біз қарқынды дами түсеміз, – деп есептейді экономист.

Сонымен қатар Құсайынов жасанды интеллектінің дамуы және әлемдік экономиканың жаһандық қайта құрылуы аясында болып жатқан үдерістерді әлеуметтік мемлекет тұжырымдамасының жаңаша түсіндірмесі деп атады.