11 Қыркүйек 2026, 09:11 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Экономист базалық мөлшерлеменің 16,25%-ға төмендеуінің салдарын бағалады

Базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендету экономикалық тұрғыдан негізді. Алайда 2026 жылдың соңына дейін Ұлттық банк үзіліс жасап, мөлшерлемені қазіргі деңгейде сақтауы ықтимал. Мұндай пікірді BAQ.KZ тілшісіне экономист Руслан Сұлтанов білдірді.

Сарапшының айтуынша, реттеушінің бұл шешімін әзірге жұмсақ ақша-кредит саясатына көшу деп бағалауға болмайды. Әңгіме тек оның қатаңдық деңгейін біртіндеп төмендету туралы болып отыр.

Тамызда жылдық инфляция 9,8%-ға дейін төмендеп, қатарынан он бір ай бойы баяулап келеді. Бұл ретте базалық мөлшерлеме қазіргі инфляциядан айтарлықтай жоғары деңгейде қалып отыр: айырмашылық шамамен 6,5 пайыздық тармақты құрайды. Бұл нақты ақша-кредит шарттарының әлі де жеткілікті деңгейде қатаң екенін және ішкі сұраныс пен инфляциялық қысымды тежеп отырғанын білдіреді, – деп түсіндірді Сұлтанов.

Сонымен қатар экономист мөлшерлемені төмендету циклін жылдам жалғастыруға әзірге негіз жоқ деп есептейді. Жылдық инфляция баяулағанымен, тамыздағы айлық инфляция 0,6% деңгейінде сақталды, ал маусымдық факторлардан тазартылған көрсеткіш жеделдеді.

2027 жылға арналған инфляция болжамының қайта қаралуы да қосымша тәуекелге айналды. Сұлтановтың айтуынша, болжамның 6,5–8,5%-ға дейін нашарлауы базалық мөлшерлеменің қазіргі төмендетілуіне қайшы келмейді.

Ұлттық банк қатаң саясаттан ынталандырушы саясатқа көшкен жоқ, тек оның қатаңдық деңгейін біршама төмендетті. Қазіргі инфляциялық динамика мөлшерлемені аздап төмендетуге мүмкіндік берді. Алайда орта мерзімді тәуекелдердің күшеюі алдағы уақытта ақша-кредит саясатын жылдам әрі ұзақ уақыт бойы жұмсартуға мүмкіндік бермейді, – деді сарапшы.

Базалық сценарий бойынша Сұлтанов мөлшерлеме жыл соңына дейін 16,25% деңгейінде сақталады деп күтеді.

Экономист негізгі тәуекелдердің бірі ретінде қызмет көрсету секторындағы инфляцияны атайды. Жылыту маусымы басталған кезде тарифтер мен оларға байланысты шығындардың әсерінен бұл қысым күшеюі мүмкін.

Сондықтан қазандағы да, желтоқсандағы да отырыста мөлшерлеме төмендейді деп күтпес едім. Инфляциялық қысымның тұрақты түрде бәсеңдегенін көрсететін нақты белгілер пайда болғанға дейін базалық мөлшерлемені 16,25% деңгейінде сақтап, үзіліс жасау ықтималдығы жоғары, – деп есептейді Сұлтанов.

Депозит мөлшерлемелері не болады?

Базалық мөлшерлеменің төмендеуі теңгелік салымдардың кірістілігіне де біртіндеп әсер етеді. Алайда бұл бірден болмайды. Банктер Ұлттық банктің шешімдерін ғана емес, өтімділікке деген қажеттілікті, салымшылар үшін бәсекені және қаражат тарту құнын да ескереді.

Сарапшы ең алдымен жаңа депозиттер бойынша және қолданыстағы салымдарды ұзарту кезінде мөлшерлемелер біртіндеп төмендейді деп күтеді. Бұл ретте инфляция 9,8% болған жағдайда депозиттердің 14–15% деңгейіндегі кірістілігі әлі де оң нақты табыстылықты сақтауға мүмкіндік береді.

Несиелер қашан арзандайды?

Сарапшы тұтынушылық несиелер бойынша мөлшерлемелердің де тез төмендеуін күтпейді. Базалық мөлшерлемедегі өзгерістер банк несиелерінің құнына белгілі бір уақыттан кейін әсер етеді.

Ұлттық банктің мөлшерлемені бір рет 50 базистік тармаққа төмендетуі несие мөлшерлемелері де автоматты түрде дәл сонша төмендейді дегенді білдірмейді, – деп атап өтті экономист.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін жаңа несиелер біршама арзандауы мүмкін. Бұл, ең алдымен, сенімді қарыз алушыларға және кепілмен берілетін өнімдерге қатысты. Алайда тұтынушылық несиелер бойынша мөлшерлемелердің жаппай әрі айтарлықтай төмендеуін әзірге күтудің қажеті жоқ.

Ипотека бойынша да әсер біртіндеп байқалады. Өйткені оның құны базалық мөлшерлемеге ғана емес, банктерді ұзақ мерзімді қаржыландыру құнына, бастапқы жарна мөлшеріне, кредиттік тәуекелдерге және мемлекеттік бағдарламалардың шарттарына да байланысты.

Сұлтановтың бағалауынша, инфляция одан әрі баяулап, базалық мөлшерлемені қалыпқа келтіру жалғасқан жағдайда, несиелеу құнының айтарлықтай төмендеуі 2027 жылы байқалуы мүмкін.

Инфляцияны 5%-ға дейін төмендету мүмкін бе?

Экономист Ұлттық банктің 2028 жылы инфляцияны шамамен 5%-ға дейін төмендету мақсатын қол жеткізуге болатын көрсеткіш деп санайды. Алайда ол үшін ақша-кредит және бюджет саясаты өзара үйлесімді болуы қажет.

2028 жылы инфляцияны 5%-ға дейін төмендетуді фискалдық импульс тек жоспар жүзінде емес, іс жүзінде қысқарған жағдайда ғана шынайы мақсат деп есептеймін, – деді Сұлтанов.

Оның пікірінше, егер бюджет шығыстары мен квазифискалдық ынталандыру күтілгеннен жылдам өсетін болса, инфляцияның мақсатты деңгейге оралуына көбірек уақыт кетуі мүмкін.