Экономикалық өсімді 4 пайыздан асыруымыз керек - Үкімет

Соңғы 4 аптада елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша инфляция тіркелген жоқ. Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының төрағалығымен өтіп жатқан елдің әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Премьер-Министр халықаралық рейтингтік агенттіктер еліміздің инвестициялық рейтингін сенімділік деңгейінде растағанын, ал Standard&Poor's агенттігі биылғы наурыз айында экономикамызға қатысты өз болжамын жақсартқанын айтты.

Осы жылдың қорытындысы бойынша біз экономикалық өсімді 4 пайыздан асыруымыз керек. Сонымен бірге ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз ету, азық-түлік бағасын тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын көтеру – біз үшін маңызды міндеттер, — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, соңғы 4 аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша инфляция тіркелген жоқ.

Біздің алдымызда биыл инфляцияны 2 есеге дейін төмендету міндеті тұр, — деді Әлихан Смайылов.

Еске сала кетейік, Үкімет ауыл халқының табысын арттыратын жобаны бастағаны туралы осыған дейін жаздық. Ел экономикасы осы жылдың I тоқсанында 4,9 пайызға өскені туралы да айтылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Үкімет
Өзгелердің жаңалығы