Экономикалық өсім көрсеткен өңірлер аталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Осы жылдың алғашқы тоқсанында макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсарғаны байқалуда. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев айтты.
Оның айтуынша, 13 өңір оң өсу көрсетті.
Ең жоғарғы өсу бетон,тазартылған алтын және теміржол локомотивтері өндірісінің өсуі есебінен Нұр-Сұлтан қаласында, металл конструкциялар, автобустар мен бетон өндірісінің өсуі есебінен Алматы қаласында, темекі өнімдері мен аккумуляторлар өндрісінің өсуі есебінен Алматы облысында байқалады, - деді ол.
Ал үш өңірде өңдеу өнеркәсібінде төмендеген: бензин, керосин және мазут өндірісінің қысқаруы салдарынан Атырау облысында, болат құбырлар мен профильдер, бензин мен дизель отыны өндірісінің төмендеуі салдарынан Батыс Қазақстан облысында, мақта және табиғи уран өндірісінің азаюы салдарынан Түркістан облысында.
Министр отырыс барысында алғашқы тоқсанның макроэкономикалық көрсеткіштерімен таныстырды. Оның айтуынша, кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, нақты секторда өсу 7,9%-ға дейін жеделдеді, ал негізгі капиталға инвестициялар 34% деңгейде өсті. Жылдық инфляция 7,0%-ға дейін баяулады.
Нақты сектордың көп салалары тұрақты өсуді көрсетті. Олар құрылыс, сумен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі, электрмен жабдықтау және ауыл шаруашылығы салалары. Сонымен қатар, ақпарат пен байланыс саласында 9,9%-ға өсу байқалды.Нәтижесінде, жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны осы жылғы қаңтар-ақпандағы минус 2,9%-дан қаңтар-наурызда минус 1,6%-ға дейін жақсарды. Өңдеу өнеркәсібі салаларында өсу қарқынының жеделдеуі байқалады, - деді ол.
Оның келтіріген мәліметтеріне сүйенсек, көрсеткіш машина жасауда 21,8%-ға, оның ішінде автомобиль құрастыруда– 20,7%-ға артты. Құрылыс материалдары өндірісі – 30,1%-ға,химиялық өнімдер өндірісі – 14,2%-ға,пластмасса өнімдері өндірісі – 22,3%-ға,киім өндірісі – 25,8%-ға,жиһаз өндірісі – 19,2%-ға,фармацевтика – 9,1%-ға өсті. Өңдеу өнеркәсібінде өсудің жоғарылау үрдісі сақталып отыр. Өсу 7,5%-ды құрады.