Экономикалық өсімді сегіз өңір қамтамасыз еткен
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қаңтар-тамыз аралығында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын сегіз өңір қамтамасыз еткен. Бұл туралы бүгін Үкіметтің онлайн отырысында Асқар Мамин мәлім етті.
Олар – Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары.
Алты өңірде 4 көрсеткіш бойынша оң серпін байқалды. Олар – Ақтөбе, Қарағанды, Түркістан облыстары және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары.
Жалпы, өңірлер Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында қойылған барлық міндеттерді тиімді іске асыру үшін жұмысты жандандыруы керек. Қазіргі жағдайда орталық және жергілікті органдардың бірінші басшылары бюджет қаражатын тиімді игерілуін қамтамасыз етулері тиіс. Қаражатты уақтылы және өз мақсатына пайдалану жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын, - деді Мамин.
Сондай-ақ, ол қабылданып жатқан шаралардың арқасында сегіз айдың қорытындысы бойынша экономиканың негізгі салаларында өсудің оң серпіні сақталып отырғанын атап өтті. Өңдеу өнеркәсібінде өсу 3,3 пайызды құрап отыр. Құрылыс көлемі 6,5 пайызға артты. Ауыл шаруашылығында тұрақты өсім 4,9 пайыз деңгейінде. Сонымен қатар, тау-кен секторының басқа маңызды бағыттары бойынша көрсеткіштер жоғарылаған, оның ішінде көмір өндіру – 1,2, металл рудалары – 1,3 пайызға өсті.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы