Экономикаға көп қаражат құю, оны игере алмау қаупін күшейтеді – сарапшы

Елімізде экономика саласында биыл түрлі өзгерістер орын алды. BAQ.KZ тілшісі экономист, сарапшы Ерлан Кәрімовтен экономика саласының әлсіз тұстары мен жаңа тенденцияға ілесуі туралы сұрады.

Қазақстан экономикасының қазіргі даму бағытын қалай бағалайсыз?

Президент 2029 жылға дейін жалпы ішкі өнімді екі еселеуге, яғни 450 млрд долларға дейін көтеріп, 150 млрд долларға дейін инвестиция тартуға тапсырма берген болатын. Дегенмен, экономикаға қысқа мерзімде мұндай көп қаражатты құйған кезде игере алмай қалу қаупі тұрғанын ескеру қажет. Сондықтан бұл жоспарды кішкене шегеру керек деп есептеймін.

2025 жылы кәсіпкерлерге арналған салық режимдерінде түрлі өзгерістер болды. Қолма-қол айналымды бақылау күшейді. Бұл өзгерістер кәсіпкерлерге жеңілдік әкелді ме, әлде салықтық жүктеме күшейді ме?

Шағын және орта кәсіп кез келген мемлекеттің экономикасын ілгері көтеретін субъекті. Қазақстанда шағын және орта кәсіптің үлесі – шамамен 36%-ды құрайды. Дамыған елдермен салыстырғанда ол өте аз көрсеткіш. Соңғы жылдары бюджет тапшылығы айқын көрініс тауып отыр. Тиісінше, бұл шағын және орта кәсіп иелеріне кері әсерін тигізіп отыр. Менің ойымша, ең бірінші ірі кәсіп иелерінің қызметтерін зерттеу керек. Содан кейін ғана шағын және орта кәсіп иелерін қадағалаған жөн.

Қаржы саласын цифрландыру қаншалықты дұрыс?

Мемлекеттік сатып алуды бақылау үшін электронды теңгелер шығып жатыр. Қаржы саласын цифрландыру арқылы біз мемлекет ақшасын игеруде жемқорлықтың алдын аламыз. Ал жасанды интеллектінің экономика саласына енуі ашықтыққа әкелер еді.

Алдағы уақытта ел экономикасына қандай өзгерістер керек?

Бірінші, статистикалық ақпараттарды қайта қарастыру керек. Өткен жылы Мемлекет басшысы арнайы комиссияның 2 млн ірі қара және 3 миллионнан астам уақ малдың санда бар, санатта жоқ екенін айтқан еді. Бұл экономикаға кері әсер ететін факт. Сондай-ақ, су және энергетика саласы да назардан тыс қалмауы қажет. 2030 жылға дейін энергетика тапшылығы болуы мүмкін. Себебі халық саны да, тұтыну деңгейі де өсіп жатыр. Бүгінде энергетика саласында инфрақұрылымның тозу деңгейі орташа есеппен 62%-ды құрап отыр. Су мәселесінде де Қазақстан көрші елдерге барлық жағынан тәуелді. Сарапшылар 2028 жылдан бастап Қазақстан және Орталық Азия елдерінде су тапшылығы мәселесі өзекті болатынын айтуда. Тәжікстанда болғанымда ондағы климаттың өзгерісін, су жетіспеушілік мәселелері барын байқадым. Ол өз кезегінде Маңғыстау, Қызылорда облыстарында су тапшылығының пайда болуына негіз болуы мүмкін.

Сұхбаттасқаныңыз үшін рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: спикердің жеке мұрағаттан
Өзгелердің жаңалығы