Экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесін 40%-ға жеткізу керек - министр
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев VII «ULTTYQ ONIM» отандық өндірушілер көрмесінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Көрменің ашылуына Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы Гаухар Бөрібаева, ҚР Парламентінің депутаттары мен бизнес өкілдері қатысты.
Өз сөзінде Е. Жамаубаев Үкіметтің стратегиялық мақсаты экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесін 2030 жылға қарай 40%-ға дейін ұлғайту екенін атап өтті. Осыған байланысты республикада бизнес ашып, оны жүргізу үшін барлық қажетті жағдай жасалып жатыр. Ұлттық жобалар аясында пайыз мөлшерлемелері субсидияланып, несие бойынша кепілдік және жеңілдікпен қарыз беріледі, сондай-ақ басқа да қолдау шаралары көрсетіледі.
Атап айтқанда, моно-, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендерде негізгі қарыз алушыға 5% мөлшерлеме бойынша жеңілдікпен шағын несие беру енгізілді, ал шағын және орта бизнес нысандарын мемлекеттік қолдау шараларымен ауқымдырақ қамту үшін несие берудің ең жоғары сомасы 7-ден 3 млрд теңгеге дейін төмендетілді.
Сонымен қатар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында бірқатар маңызды қызмет түрі бойынша пайыз мөлшерлемесін субсидиялау мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылды, ал өңдеу өнеркәсібін дамытуды кеңейту мақсатында мемлекеттік қолдау көрсету үшін қызмет түрлерінің тізбесі 151-ден 267-ге дейін көбейтілді.
Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын қаржыландыру жылына 224 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.
«Даму» қорына келетін болсақ, шағын және орта бизнесті қолдау аясында биыл 20 мыңнан астам жобаны субсидиялау және 18 мыңнан астам жобаға кепілдік беру жоспарланып отыр. Жалпы «Даму» қорының құралдары арқылы ел өңірлерінің барлығында жалпы 11 трлн теңгеге жуық несие сомасына кәсіпкерлердің 187,5 мыңнан астам жобасына қолдау көрсетілді.
Жаппай кәсіпкерлікті қолдау бойынша басқа да шаралар қабылданып жатыр. Мәселен, жаңа реттеушілік саясат енгізілуде. Биылғы қаңтар айынан бастап Бизнеске қойылатын міндетті талаптар тізілімі жарияланды. Енді тізілімде жоқ талаптар бойынша тексеру жүргізілмейді.
Сонымен қатар биыл заңнамадан бизнеске қойылған 10 мың артық талап алынбақ. Бұл тексеру санын айтарлықтай азайтады. Осы орайда жыл соңына дейін тәуекелдерді басқару жүйесін автоматтандыру толық аяқталатын болады.
Оған қоса бизнес-қоғамдастықпен бірлестікте жаңа Салық кодексінің жобасы бойынша жұмыс жүріп жатыр. Парламентке бизнесті жүргізу үшін жағдайды жақсартуға бағытталған заңнамалық түзетулердің 9-шы пакеті енгізілді.
Үкімет пен бизнес арасында жүйелі және сындарлы диалог орнатылды. Президенттің тапсырмасы бойынша құрылған бизнеспен диалог жүргізетін алаң – "Отандық кәсіпкерлер кеңесі" де жоғары тиімділік көрсетуде, — деді Ерұлан Жамаубаев.