Экономика несиеге зәру, бірақ банктер тәуекелден қашады – сарапшы
Бүгін Мемлекет басшысы жолдауында Ұлттық банк пен Үкімет банктердің ақшасын экономикаға барынша тартудың тиімді тәсілдерін табуы қажет екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қаржы саласының маманы Айбар Олжайдың айтуынша, шын мәнінде банктердің балансында артық өтімділік бар. Яғни экономикаға бағытталмай тұрған ақша көлемі көп.
Мысалы 1 триллион теңгеден астам қаражат, былай қарағанда 2 миллиард доллар банктердің өз шоттарында жатыр. Бұл қаражат банктердің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп отыр. Бірақ олар көбіне тек азаматтарға тұтынушылық кредит беруге ғана қолданып отыр.Бұл еліміздегі халық несие алып, тұтынуын арттырып жатыр, ал керісінше, экономика жобалар арқылы ақша таба алмай, бюджеттен қарыз алуға мәжбүр. Осындай жағдайда банктердің бір триллион теңгеден астам бос жатуы, экономикалық тұрғыдан алғанда орынсыз. Банктер бизнес ретінде қарайды. Азаматтарға кепілсіз жедел кредит берген анағұрлым тиімді. Себебі олар тұтынушылық кредиттен жоғары пайда табады, - дейді қаржы сарапшысы Айбар Олжай.
Сарапшының пікірінше, банктер бизнеске несие беруден қорқады.
Кәсіпорындардың алған қаражатын қайтара алмау, банкротқа ұшырау қаупі бар. Бұдан бөлек, кәсіпкерлер үшін несие пайызы тым жоғары. 22-24% мөлшерлемемен ешкім ала алмайды. Шын мәнінде бизнеске 7-8% деңгейіндегі жеңілдетілген несие қажет. Бірақ банктер төмен пайызбен беруге мүдделі емес, себебі базалық мөлшерлеме жоғары, – деді ол.
Сарапшының пікірінше, қазіргі жағдай тұйық шеңберге ұқсайды. Банктер мемлекеттен қосымша ынталандыру күтуде.
Банктердің табысына салынатын салық 25%-ға көтерілді. Ал осының ішінен қай табыс экономикаға, жобаларға кредит ретінде берілді сол табысты мысалы 25%-ы, одан аз төлейтіндей белгілі бір механизмдер қарастырылған. Егер банктер экономикаға ақша бағыттаса, оларға салықтық жеңілдіктер берілетін тәсіл енгізілмек. Бұл банктерді ынталандыра ала ма, жоқ па оны 2026 жылдан бастап жаңа Салық кодексі аясында көреміз, - дейді ол.
Оның айтуынша, 2026 жылдың қорытындысы бойынша банктердің экономикаға берген кредит көлемі мен шарттарына қарай нақты баға беруге болады.
Мемлекет бизнесті ұзақ мерзімді қаржыландыруды қалайды. Алайда банктер оған бармай отыр. Өйткені олар қысқа мерзімге беріп, тез айналым жасап, жылдам пайда тапқысы келеді. Ал ұзақ мерзімді жобаларды қолдау банктерге тиімсіз болып тұр, – деді сарапшы.
Бүгін Жолдау аясында Президент Қазақстанның басты проблемасы жоғары инфляция екенін айтқан еді.