Экономика министрі кәсіпкерлікті дамытуға арналған жобаның қалай іске асып жатқанын айтты
Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Ұлттық жобаның міндеттерін атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шағын және орта кәсіпкерліктің бәсекеге қабілетті секторын қалыптастыруға, кәсіпкерлердің экономикалық белсенділігін арттыруға және кәсіпкерлік субъектілері үшін тең жағдайлар жасауға бағытталған.
Ұлттық жобаны іске асыру 4 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Олар кәсіпкерлік белсенділікті арттыру, кәсіпкерлердің өсуін акселерациялау, жаңа тауашаларды қалыптастыру, бәсекелестікті кешенді дамыту, – деді Әлібек Қуантыров.
Оның атап өтуінше, жобада 10 міндет, 30 көрсеткіш және 69 іс-шара айқындалды.
Ұлттық жоба:
- өз ісін ашу және дамыту үшін жағдай жасауға;
- субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау және кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне қарай дағдыларды дамытуға;
- кәсіпкерлік субъектілері үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруға;
- экономиканы мемлекет иелігінен алуға бағытталған.
Ұлттық жобаның іс-шараларын қаржыландырудың жалпы көлемі 2021 жылға 897 млрд теңгеден астам соманы жұмсалды, оның ішінде РБ – 271 млрд теңге. 2022 жылы Ұлттық жобаны іске асыруға 1 562 млрд теңге жоспарланған, оның ішінде бюджеттен тыс қаражат – 1 197 млрд теңгеден астам. 2021 жылы Ұлттық жобаны іске асыру қорытындылары бойынша қол жеткізілген нәтижелерге толығырақ тоқталғым келеді, – деді министр.
Ол пандемияға байланысты 2020 жылы Бизнестің жол картасы-2025 шеңберінде салалық шектеулер алынып тасталғанын атап өтті.
Бұл субсидиялау және кепілдік беру жөніндегі көрсеткіштің 62%-ға артығымен орындалуына ықпал етті және 48,8 мың жоба мемлекеттік қолдаумен қамтылды. Көрсетілетін қызметтер мен өңдеу өнеркәсібі салаларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 984 жобаға гранттар берілді, – деді ведомства басшысы.