Экологияны насихаттау үшін әлеуметтік жарнама жеткіліксіз – сарапшы
Қазақстанда экология мәселесіне бейжай қарамайтын азаматтардың саны жыл сайын артып келеді. Алайда экологиялық мәдениетті қалыптастыру ұзақ уақытты талап етеді және оны тек әлеуметтік жарнама мен үндеулер арқылы дамыту мүмкін емес. Бұл туралы ECO Network жобасы мен Эко-Хабтардың негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сарапшының сөзінше, кез келген мәдениет ондаған жылдар бойы қалыптасады. Сондықтан экологиялық мәдениеттің қазіргі деңгейін бағалағанда оның даму динамикасына назар аудару қажет.
Бүгінде Алматыда және жалпы Қазақстанда экология тақырыбына қызығушылық танытатын адамдардың саны артып келеді. Тек біздің экожүйенің өзінде шамамен 100 мың адам бар. Ал ел бойынша экологияны насихаттап жүрген азаматтардың саны 200 мыңға жуықтады деп ойлаймын. Бұл – халықтың 1-2 пайызы. Олар экологияны жай қолдап қана қоймай, өз іс-әрекеттері арқылы насихаттап жүр, – деді ол.
Мұхамеджановтың айтуынша, бұрын қолға алынған кейбір бастамалар қажетті нәтиже бермеген. Себебі халыққа түсіндіру жұмыстары жеткілікті жүргізілмеген.
Шамамен 10 жыл бұрын ел бойынша қоқысты бөлек жинауға арналған контейнерлер орнатылды. Бірақ адамдарға оның не үшін қажет екенін, қалдықтарды қалай сұрыптау керегін ешкім түсіндірмеді. Біз жүргізген сауалнамаға 30 мың адам қатысты. Олардың 99 пайызы қалдықтарды өңдейтін бірде-бір зауыт туралы естімегенін айтты. Өкінішке қарай, бұл мәселе әлі де өзекті, – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, елде қалдықтарды өңдеу саласы туралы бірыңғай ақпараттық саясаттың жоқтығы тұрғындардың хабардар болуына кедергі келтіріп отыр.
Қазақстанда жүздеген қайта өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Олар көптеген қалдық түрін қабылдап, өңдей алады. Кейбір шикізатты тіпті шетелдік компаниялар сатып алуға дайын. Мысалы, Ираннан келетін кәсіпкерлер біздің қалдықтарды алып кетіп, қайта өңдеуге қызығушылық танытады. Сондықтан мәселе тек зауыт салуда емес, адамдарды ақпараттандыруда, – деді ол.
Сарапшы экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін тұрақты білім беру мен ағартушылық жұмыстар қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, Алматы әкімдігімен бірлесіп Эко-Хабтар желісін дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір қалада үш Эко-Хаб жұмыс істейді, төртіншісінің құрылысы жалғасуда.
Біз бұл жобаны тәжірибе ретінде сынақтан өткіздік. Болашақта қалада 50 Эко-Хаб ашылып, экологиялық білім беру барлық оқу орындарына енгізілсе, бір-екі жылдың ішінде айтарлықтай нәтиже көруге болады. Сонда тұрғындардың едәуір бөлігі экологиялық бастамаларды түсініп, күнделікті өмірінде қолдана бастайды, – деп түйіндеді Евгений Мұхамеджанов.