Бүгiн 2026, 10:35 Фото: pixabay.com

Экологиялық тексерулерге қатысты жаңа норма Мәжілісте дау тудырды

Депутат Айдарбек Қожаназаров прокуратураны ескертпей тексеру жүргізу құқығы жемқорлық тәуекелін күшейтуі мүмкін екенін айтты

Мәжілісте экологиялық мәселелер жөніндегі заң жобасын талқылау барысында экологиялық инспекторларға прокуратураны алдын ала ескертпей тексеру жүргізу құқығын беру мәселесі қызу пікірталас тудырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров мәлімдеді.

Оның айтуынша, жұмыс тобы Экологиялық кодекске осындай түзету енгізуді қолдаған. Алайда бұл норма Үкімет тарапынан қолдау таппаған.

Депутаттың сөзінше, бұл өзгеріс кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға қатысты қауіп тудыруы мүмкін.

Мемлекеттік экологиялық бақылау бұған дейін Кәсіпкерлік кодексінен шығарылып, Экологиялық кодекске көшірілді. Бұл кәсіпкерлерді қорғау тетіктерін әлсіретті. Ал енді прокуратураны ескертпей тексеру жүргізуге рұқсат беру жағдайды одан әрі ушықтырады, – деді Айдарбек Қожаназаров.

Ол бұл норма Қазақстанның Кәсіпкерлік кодексіндегі жоспардан тыс тексерулерге қатысты талаптарға қайшы келетінін айтты.

Депутаттың пікірінше, жаңа түзету құқықтық коллизия туындатып, бақылау-қадағалау саласындағы бірыңғай тәртіпті бұзуы мүмкін.

Сонымен қатар Қожаназаров түзетудің жемқорлық тәуекелін арттыруы ықтимал екенін атап өтті.

Оның айтуынша, мұндай тексерулерден ең алдымен фермерлер мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер зардап шегуі мүмкін.

Киіктің қырылуы, шегірткеге қарсы химиялық өңдеу немесе көңді уақытында шығармау сияқты жағдайлардың өзі жоспардан тыс тексеруге себеп болуы мүмкін. Мұны жосықсыз адамдар мен псевдоблогерлер бопсалау құралына айналдыруы ықтимал, – деді депутат.

Айдарбек Қожаназаров Аграрлық комитет бұл түзетуді қолдамайтынын айтты.

Осыған байланысты комитет жұмыс тобына норманы қайта қарауды ұсынып отыр.

Депутаттардың ұсынысына сәйкес, жоспардан тыс экологиялық тексерулер прокуратураның міндетті санкциясымен немесе алдын ала хабарлау тәртібімен жүргізілуі тиіс.

Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғауға қатысты конституциялық қағидат толық сақталуы қажет, – деді Қожаназаров.

Айта кетейік, Қазақстанда экологияны ластаған кәсіпорындарға талап күшейтілетіні хабарланды.