Экологиялық тәрбие. Павлодарлық оқушылар 1 тонна пластик қақпағын жинады
Ертіс өңірінің оқушылары «Жақсылық жаса» акциясы шеңберінде пластик қақпақтарының 1 тонна 279 келісін жинады, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Оқушылар сарайының әдіскері, акция ұйымдастырушысы Айгерім Оразбаеваның айтуынша, ауқымды шара оқушылар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және шұғыл медициналық емдеуге зәру балаларға қайырымдылық көмек көрсету мақсатын көздейді.
Біз бөтелкелердің қақпақтарын пластик қалдықтарын қайта өңдейтін кәсіпорындарға тапсырамыз. Осы игі шара арқылы бірқатар экологиялық мәселені шешуге атсалысамыз. Біріншіден, пластик қалдықтары қоршаған ортаға тасталмайды. Екіншіден, балалар табиғатты аялап, қоқыстың зияны туралы біледі. Үшіншіден, қымбат емдеуді қажет ететін балаларға көмек көрсетеміз. Жиналған қаржы қайырымдылық қоры арқылы үлестіріледі, - дейді Айгерім Оразбаева.
Акцияға қатысуға ниет білдіргендердің саны жыл сайын көбейіп отыр. Оқушылардан бөлек, ата-аналар ақуымы да шет қалмады.
Мектеп асханасында және үйдегі қақпақтарды жинап отырамын. Осы әрекет арқылы табиғатымызды пластиктен ластанудан қорғаймыз. Сыныптастарым да қақпақ жинап, оқушылар сарайына әкелді, - дейді оқушы Бейбарыс Жәнібекұлы.
Өткен жылы акция аясында қайта өңдеуге 3464 келі қақпақ тапсырылды. Ауыр халдегі екі баланың әрқайсысына 205 мың теңгеден табысталды.
Бұл - жас буын өкілдері арасында экологиялық сана қалыптастыруға бағытталған бір ғана мысал. Оқушылар сарайының жанында «Bio Green» үйірмесі жұмыс істейді.
Жеткіншектер 25 түрлі экологиялық сынақ жүргізу мүмкіндігіне ие. Балалар ауаның ластануы, ылғалдылығы мен қысымы, шу деңгейі сияқты көрсеткіштерді анықтай алады.