Экологиялық талаптарды бұзған кәсіпорындар 70 млн теңгеге жуық айыппұл төледі
Екібастұз ГРЭС-1-ге экологияны ластағаны үшін айыппұл салынды.
Павлодар облысындағы кәсіпорындарға экология талаптарын бұзғаны үшін айыппұл салынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Табиғат қорғау прокуратурасы Екібастұз өңіріндегі жер учаскелеріне көзбен шолу жүргізді.
Шолу барысында ГРЭС-1 станциясының күл-қож қалдықтарын тасымалдау құбырына іргелес жер учаскесінде қалдықтардың жиналғаны анықталды. Бұған көмір жағу кезінде пайда болатын қалдықтар мен судың қоспасы ағып кетуі себеп болған.
Осылайша, күл-қож қалдықтары арнайы белгіленген орыннан тыс жерге төгілген. Бұл экологиялық заңнама талаптарын бұзу болып табылады.
Осы факті бойынша облыстың экология саласындағы уәкілетті органына заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыну енгізілді.
Экология департаменті «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС-не қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 344-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік материал толтырды. Екібастұз қалалық сотының қаулысымен кәсіпорын әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Басқа жағдайда атмосфераға ластаушы заттарды белгіленген нормадан артық шығарғаны үшін өнеркәсіптік кәсіпорынға 70 млн теңгеге жуық айыппұл салынды, - деп хабарлады Павлодар облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Сот актілері занды күшіне еніп, айыппұлдар төленді.