Экологиялық нормалар өңірлер үшін басты басымдық – Нұрлыбек Нәлібаев
Елордада өткен Конституциялық кеңестің кезекті отырысында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев экология саласындағы жауапкершілікті күшейту және қоршаған ортаны қорғау нормаларын Конституциялық деңгейде бекіту қажеттігін айтып, мәселе көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Комиссия отырысында ол экологиялық нормалардың өңірлер үшін, соның ішінде экологиялық ахуалы күрделі Арал маңы аймақтары үшін ерекше маңызға ие екенін айтты.
Облыс әкімі теңіз деңгейінің төмендеуі тек экологияға ғана емес, өңір тұрғындарының тұрмыс сапасына, денсаулығына және әлеуметтік ахуалына да тікелей ықпал етіп отырғанын атап өтті.
Арал теңізінің тағдыры – бүкіл адамзат үшін ауыр сабақ. Оның салдарын біз әлі күнге дейін сезініп келеміз. Сондықтан мемлекеттің қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ету міндетін, азаматтардың экологиялық қауіпсіздікке қатысты құқықтарын Конституциялық деңгейде бекіту – уақыт талабы, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасында экологиялық деректердің ашық болуын қамтамасыз етуге әрі табиғатқа келтірілген залал үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған бірқатар нормалар қамтылған. Бұл өзгерістер экология саласындағы мемлекеттік бақылауды нығайтып, өңірлерде алдын алу шараларын нәтижелі жүзеге асыруға жол ашады.
Сонымен бірге Нұрлыбек Нәлібаев Конституцияның жаңартылған жобасы мемлекеттің әлеуметтік бағдарын күшейтуге бағытталғанын атап өтті. Құжат әлеуметтік теңсіздікті азайтуға, ауыл аймақтарын қолдауға, жұмыспен қамту аясын кеңейтуге және инфрақұрылымды жүйелі дамытуға құқықтық негіз қалайды.
Оның сөзінше, білім беру саласын стратегиялық басымдық ретінде айқындау – адами капиталды дамытудың негізгі тетігі. Бұл жастарды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға даярлап, олардың әлеуетін өз өңірлерінде жүзеге асыруына мүмкіндік береді.
Елімізде адами капиталды дамыту үшін білім беруді стратегиялық басымдық ретінде бекітеді. Біз жастардың болашағына инвестиция салуды, сұранысқа ие мамандарды даярлауды, жас азаматтардың өз әлеуетін туған жерінде іске асырып, болашағын туған елмен байланыстыруына жағдай жасауды толық қолдаймыз, - дейді өңір басшысы.
Сондай-ақ баяндамасында Нұрлыбек Нәлібаев жаңа Конституция жобасы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, өкілеттіктер мен жауапкершілікті нақты ажыратуға және билік органдарының халық алдындағы жауапкершілігін күшейтуге бағытталғанын айтты.