Алматыда экологиялық инсталляция ашылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. StopMusor экологиялық акциясы аясында полиэтилен пакеттерінен жасалған арт-нысан Алматыда таныстырылады.
Алматы тұрғындары мен қонақтары қала күніне орай ұйымдастырылған суретші Сәуле Сүлейменованың туындысын тамашалай алады. Инсталляция Панфилов-Жібек жолы көшелерінің қиылысында қыркүйектің соңына дейін тұрады.
Жұмысты ұйымдастыру үшін 2020 жылдың 1 шілдесінде Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы қала тұрғындары мен қонақтарынан полиэтилен пакеттерін жинау бойынша StopMusor акциясын ұйымдастырған. Акция қаланың үш саябағында 3 күні бойы өткізіліп, нәтижесінде 4000-нан астам пакет жиналған.
Ал арт-нысанды жасаған алматылық суретші Сәуле Сүлейменова соңғы үш жылда қоқыстан арт-нысандар әзірлеумен айналысады. Ол әр тұрғынның үйіндегі «пакеттегі пакет» мәселесін шешу мақсатында полиэтилен пакеттерін қолдана бастаған.
Аталған арт-нысанды жасауға 3 күн, тәулігіне 10-12 сағат кетті. Мен алдымен инсталляцияның идеясын ойластырдым. Қазақстан десе, ең алдымен, ен дала және сол далада шашылып жатқан қоқыс елестеді. 2 жыл бойы жұмыстарымды қандай әдіспен жасау керегін ойластырдым. Қазір желім пистолеті мен силикон желімін қолданамын. Пакеттер боялмайды. Бірнеше пакетті қосу арқылы қажет түсті жасап шығарамын, - дейді ол.
Арт-нысан елордада қыркүйекке дейін тұрды. Енді Алматы тұрғындарының назарына ұсынылып отыр.