Экологиялық дабыл: Англиядағы су қоймаларының бәрі ластанған
Мәліметке сәйкес, егер судағы қауіпті заттардың мөлшері белгіленген нормадан асып кетсе, су нысаны «жақсы химиялық жағдай» талаптарына сай деп есептелмейді.
Англиядағы барлық су қоймасы тұрақты улы химиялық заттармен ластанғандықтан, химиялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді. Бұл туралы The Guardian басылымы қоршаған ортаны қорғау агенттігінің деректеріне сілтеме жасап хабарлады.
Мәліметке сәйкес, егер судағы қауіпті заттардың мөлшері белгіленген нормадан асып кетсе, су нысаны «жақсы химиялық жағдай» талаптарына сай деп есептелмейді. Соңғы бағалау нәтижесінде Англиядағы бірде-бір су қоймасы бұл талаптан өте алмаған.
Зерттеу барысында су құрамындағы микропластиктер мен өзге де қауіпті заттардың деңгейі тексерілді. Сарапшылардың айтуынша, негізгі ластаушылар қатарында сынап, перфтороктансульфон қышқылы (PFOS) және полибромды дифенил эфирлері бар. Бұл заттар табиғатта өте баяу ыдырап, су мен тірі ағзаларда ұзақ уақыт бойы жиналады.
Қоршаған ортаны қорғау агенттігінің болжамынша, Англияның өзен-көлдері мен басқа да жерүсті су айдындары экологиялық тұрғыдан қалыпты жағдайға тек 2063 жылдан кейін ғана жетуі мүмкін. Ол үшін тұрақты ластаушы заттардың концентрациясы рұқсат етілген деңгейге дейін төмендеуі қажет.
Бұған дейін ғалымдар Арктикадағы теңіз қоқыстарының едәуір бөлігі Еуропа елдерінен мұхит ағындары арқылы жететінін мәлімдеген болатын.