«Таза Қазақстан» жаңа идеологияға айналып келеді
Соңғы жылдары елде экология мен тазалық деңгейі жақсарған
Президент Қазақстанда соңғы жылдары көп өзгеріс болғанын, бұл көзге көрініп тұрғанын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Қалаларымыз бен ауылдарымыз тазарып, топырақтың, судың, ауаның ластануы азая түсті. Ірі кәсіпорындарда зиянды шығарындыларды төмендету бағытында жұмыс атқарылып, үздік экологиялық тәжірибелер енгізілуде, қатты қалдықтарды қайта өңдеу ісінде алға ілгерілеу бар. Алайда кемшіліктер де аз емес, алда жұмыс көп. Ең бастысы, экономика ғана емес, азаматтарымыздың тұрмыс салты мен ой-санасы да өзгеруде. Жаңа Конституциямызда жасампаз патриотизм, бірлік, ынтымақ, табиғатты аялау қағидаттары тіршіліктің негізгі іргетасы ретінде бекітілді. Бұған белгілі дәрежеде «Таза Қазақстан» жобасының, яғни, ел жастарының әсері болғаны рас. Мен өздеріңізді мақтан тұтамын. Сіздерге алғысым шексіз, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент екі жылда жобаның ұлттық қозғалысқа айналғанына тоқталды.
Екі жылда аталған прогрессивті бастама жалпыұлттық қозғалысқа айналды. Жоба тың мазмұнмен толығып, шын мәнінде, Әділетті Қазақстан идеясының өзегіне айналып келеді. «Таза Қазақстан» қағидаты, «Заң және тәртіп», «Адал азамат» тұжырымдамалары тұтас құндылықтар жүйесін құрап, мемлекеттік басқару мен қоғамның ажырамас бөлшегі болуға тиіс. Мұны жан-жақты ілгерілету үшін беделі биік белгілі азаматтарды тартқан дұрыс. Жаңа идеологияның басты дәріптеушісі – жастар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.