Экология тақырыбындағы бейнероликтер байқауы басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда өскелең ұрпақты экологиялық тәрбиелеуге бағытталған республикалық жоба жүзеге асырылуда, деп хабарлады Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.

Эко-белсенділер еріктілермен бірлесіп, түрлі эко-акциялар, конкурстар мен сенбіліктерді ұйымдастыруда.

Қазіргі уақытта гранттық қаржыландыру аясында біз экологиялық бағытта 2 үлкен жобаны іске асырып жатырмыз. Биыл бұл бағыттағы жобалардың шеңберінде ҮЕҰ-дан 19 өтінім келіп түсті. Бұл  басқа тақырыптарға түскен өтінімдер санына қарағанда үш есе артық.  Мұндай үрдіс, сондай-ақ, біздің қоғамда экологиялық білімнің жоғары сұранысқа ие екендігін көрсетеді. Эко-бағыттағы жобалар барлық қазақстандықтардың болашағына әсер етпей қоймайды, - дейді Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы Басқарма төрағасының орынбасары Жасұлан Бисембиев.

Жобаны іске асыру шеңберінде Қазақстанның Экологиялық қоры жастар арасында бейнероликтер  байқауының басталғанын хабарлады. Байқаудың мақсаты-табиғатқа деген қамқорлықты қалыптастыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға «Мен суды қалай үнемдеймін», «Қоқысқа екінші өмір сыйлайық», «Менің аулам – ең таза аула» тақырыптарына бейнероликтер түсірген мектеп оқушылары немесе студенттер қатыса алады.

Сондай-ақ, қоғам белсенділері экологиялық акциялар мен сенбіліктерді, аумақтарды тазалауға,  абаттандыруға бағытталған басқа да іс-шараларды өткізбек. Көктемде елордада еліміздің маңызды оқиғаларына орайластырылған атаулы ағаштар отырғызуға бағытталған «Жасыл челлендж» ұйымдастырылды.Акцияны Нұр-Сұлтан, Маңғыстау, Түркістан, Павлодар облыстарының мектептері қолдады.

Бүгінгі таңда қоғамда экологиялық тәрбие мен мәдениетті ерте жастан дамыту керек деген ұстаным бар. Егер біз балаларға эко-мәдениетті жастайынан сіңіретін болсақ, болашақта олардың экологиялық сауаты жоғары болады. Мұнымен қоса, жастардың экологиялық білім деңгейін арттыру бағытында кешенді шаралар жүргізілуі тиіс, - дейді жоба жетекшісі Айгүл Абдуалиева.

Ұйымдастырушының айтуына қарағанда, барлық экологиялық акцияларға еріктілер тарталатын болады. Олардың арасында оқушылар да, қазақстандық колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері де бар.

Айта кетейік, «Жастар арасында экологиялық мәдениетті нығайту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру» жобасы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы