Экология мәселесі - киік көп, су аз... неге?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевпен елдегі экологиялық ахуал жайлы, киік пен құрғақшылық мәселесі жайлы сұқбаттасқан едік.

- Серікқали Аманғалиұлы, әңгімені киік мәселесінен бастасақ. Батыста киік көбейіп, шаруалардың жайлымдық жеріне зиян келтіріп жатқаны айтылады. Ал басқа өңірде киік саны азайып кетті дейтіндер көп. Бұл тепе-теңдікті қалай сақтай аламыз? 

- Жануарлар дүниесін мемлекеттік қорғауды ұйымдастыру, атап айтқанда, киіктерді аулауға 2023 жылға дейін тыйым салуды белгілеу жөнінде қабылданған шаралардың арқасында олардың жыл сайын саны орта есеппен 40%-ға, 2017 жылы 152 мыңнан 2021 жылы 842 мыңға дейін өскені байқалады. 2022 жылы киіктердің алдын ала санақ қорытындысына сәйкес республика аумағына олардың саны 1,3 млн-нан асты.

Иә, Батыс Қазақстан облысындағы жағдай ерекше назар аударуға тұрарлық. Ол өңір киіктің дәстүрлі мекендеу орыны деуге болады. Ал соңғы 15 жылда ауыл шаруашылығы алқаптарының ұлғаюына байланысты қосалқы жерлер 7856 мың гектардан 3720 мың гектарға дейін қысқарды. Яғни, шаруашылықтардың бес түлік малы мен киіктер жайылым мен суат үшін бәсекелес бола бастады. Сол секілді Ақмола мен Қостанай облыстарында да киіктердің егін алқаптарына түсіп кеткені жайлы ақпарат бар.

Осыған орай министрлік киіктер мен ауылшаруашылығы тауар өндірушілер арасындағы итіс-тартысты түбегейлі шешу мәселесін қарастырып жатыр.

- Оны қалай шешесіздер?

- Қазіргі таңда киік санын азайту мәселесін ғылыми ұйымдармен бірлесіп талқылап жатырмыз. Ғылыми-биологиялық негіздеме дайын болғаннан кейін киік популяцияларының санын басқару мәселесін шешуге арналған ұсынымдар негізінде, туындап отырған міселелер шешілетін болады.

- Браконьерлікпен күрес қалай жүргізіліп жатыр?

- Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық инспекциялары 2022 жылдың басынан бастап 495 рейд өткізді. Соның нәтижесінде табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 296 дерегі анықталды. Анықталған деректің барлығы да әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 2159,1 мың теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл салынып, оның 1883,1 мыңы өндірілді.

Ал нақты браконьерлікке келер болсақ, 2022 жылдың басынан бері 48 дерек тіркелді. Оның ішінде 25-і киік аулауға қатысты болса, 1046 мүйіз, 21 киік еті тәркіленді.

Балық шаруашылығы комитеті облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекцияларымен бірлесіп браконьерлікпен тұрақты күрес жүргізіп келеді. Осы мақсатта жыл сайын «Бекіре», «Уылдырық» және «Браконьер» балық қорғау акциялары өтеді.

Жыл басынан бері облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциялары 2186 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Қылмыскерлерге 31 млн тенге айыппұл салынды.

- Жылда жаз болса қуаңшылықпен, көктем болса су тасқынымен бетпе-бет келеміз. Жалпы көктемгі тасқын суды тиімді пайдалану мәселесін қалай шешуге болады? 

- 2017-2021 жылдар аралығында апатты жағдайдағы 16 су қоймасы қалпына келтірілді. Яғни жылына шамамен 500 млн/м3 суды қосымша сақтауға мүмкіндік алдық деген сөз.

Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін Ақмола, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Батыс Қазақстан қатарлы 6 өңірде жаңадан 9 су қоймасын салу жоспарланған. Қазіргі жағдайда судың жинақталуының жалпы көлемі 1,7 млрд/м3 болып тұр.

- Облыстарға жаңадан салынатын су қоймалары нақта қайда салынатыны шешілген бе?

- Иә, орыны анықталды. Мысалы, 2021 жылы Түркістан облысында «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы салынды. Онда 18,5 млн/м3 су жинауға мүмкіндік бар.

Биыл Қызылорда облысындағы Қараөзекке 3 тірек жүйесінің құрылысын бастаймыз. Бұл 800 млн/м3 дейінгі көлемде тасқын суды жинақтауға және фермерлерді суармалы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қырғыз Республикасына тәуелділікті азайту үшін Жамбыл облысында 2023 жылы 3 су қоймасының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Бұлар – Ырғайты, Қалғұты және Ақмола су қоймалары. Мұндағы жиналатын судың жалпы көлемі 49 млн/м3 болады.

Батыс Қазақстан облысында 2023 жылдан бастап Үлкен өзен өзенінде «Жалпақтал» су қоймасының құрылысы басталады. Оның сиымдылығы 28 млн/м3.

Ал басқа объектілер бойынша жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

- Бұл су қоймаларына суды қайдан табамыз?

- Көктемгі қар суы, су тасқындары мен жазғы жаңбыр суы негізгі су көзі ретінде сақталады.

- Қызылорда мен Маңғыстау өңірінде биыл да құрғақшылық болады деген жорамал бар. Осы тұрғыдан оның алдын алу үшін қандай істер қолға алынды?

- Сырдария өзенінің су ресурстары Түркістан және Қызылорда облыстарының қажеттіліктерін қанағаттандыратын бірден-бір жерүсті су көзі. Ал оның бізге жетуі, суының аз-көптігі көбінесе Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан аумағындағы су шаруашылығы қызметіне байланысты.

2018 жылдан бастап Сырдария өзенінде судың азаюы байқалды. Соның салдарынан Сырдың суынан тамыр тартып отырған елдің бәрі су тапшылығына тап болады. Әрине, бұл жағдайда тапшылықты бірінші көретін Сырдария өзенінің орта және төменгі сағасында отырғандар.

Сырдария өзенінің деңгейі көп жағдайда Тоқтоғұл су қоймасындағы судың жиналуымен анықталады. Мәселен, қазіргі уақытта Тоқтоғұл су қоймасының көлемі 10,5 км3. Бұл көпжылдық орташа деректен 2,5 км3 аз. Өткен вегетация аралық кезеңде «Бахри Точик» су қоймасына 9,8 км3 су жіберілді. Бұл да көпжылдық орташа көрсеткіштен (12) 2,2 км3 аз. Шардара су қоймасына берілген судың көлемі – 8,2 км3. Бұрын жылына орта есеппен 13 км3 су құйылатын Шардара үшін бұл 4,8 км3-ке аз екені белгілі.

- Шардара демекші, елдегі ең мол сулы су қоймасы ретінде оның алдағы жағдайы қалай болады?

- Биылғы 30 мамырдағы жағдай бойынша Шардара су қоймасы мен Көксарай контрреттегішінің жалпы көлемі 4810 млн/м3. Бірден айтайын, бұл өткен жылмен салыстырғанда 290 млн/м3-ге аз. Өткен жылы 5110 млн/м3 болған. Соның салдарынан, биыл Шардара су қоймасынан шығатын су көлемі 500 м3/с. Яғни бұл өткен жылмен салыстырғанда 90 м3/с аз. Былтыр шығатын судың көлемі 590 м3/с болған еді.

- Жалпы Сырдың суын пайдалану бойынша көрші елдермен келісім бар ғой. Осы мәселені сол келісім аясында шешуге болмай ма?

- Иә, мемлекеттер арасында келісім бар. Сырдария өзені бассейніндегі күрделі су шаруашылығы жағдайын назарға ала отырып, Қазақстан тарапы Сырдария өзенінің суын молайту бойынша қырғыз, өзбек және тәжік тараптарымен келіссөздер жүргізді.

Биыл 6-7 наурызда Бішкек қаласында Тоқтоғұл су қоймасының жұмыс режимін келісу бойынша Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстанның энергетикалық және су ведомстволары басшыларының үшжақты кездесуі өтті.

Сырдария суының азаю циклінің жалғасуын ескеріп, Қазақстан мен Өзбекстан Қырғыз Республикасына электр энергиясын жеткізу туралы келісті. Өз кезегінде қырғыз тарапы вегетациялық кезеңде Тоқтоғұл су қоймасынан қажетті суды жібереді. Бір сөзбен айтқанда бартер жасауға келістік. Яғни қырғыз елі вегетация кезеңінде елімізге 300 млн/кВтс электр энергиясын бөледі, ол энергия Тоқтоғұл су қоймасынан 330 млн/м3 көлемінде қосымша суды біздің елге ағызуға жетеді.

Сондай-ақ, Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 2022 жылы 26-27 сәуір күндері Түркістанда өткен 82-отырысында Нарын-Сырдария су қоймалары каскадының болжамды жұмыс режимі келісілді. Оған сәйкес вегетациялық кезеңде Шардара су қоймасына 3900 млн/м3 су құйылуы тиіс.

Мұнан бөлек, вегетациялық кезеңде Тәжікстандағы «Бахри Точик» су қоймасының су транзитін және іске қосылуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан-Тәжікстан-Өзбекстан осы су қоймасының үш жақты жұмыс режимін келісу жоспарланды.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен 3,7 млрд теңге сомасында қаражат бөлу есебінен каналдарды механикалық тазалау, ұңғымаларды жөндеу және бұрғылау жүзеге асырылып, сорғы қондырғылары сатып алынды. Өткен жылдың тәжірибесі бойынша суару кезегін қолдану және коллекторлық-дренаждық суды қайта пайдалану бойынша шаралар қабылданатын болады.

- Қазір әлемде ауыз су тапшылығы өзекті болып отыр. Бұл тұрғыда әр ел өздеріндегі су қорын, мөлшерін анықтауды бастап кетті. Сіздер Қазақстандағы жерасты суының мөлшерін, көлемін есептеп, мониторинг жүргізесіздер ме? 

- Биыл мемлекеттік баланста тәулігіне 43 млн/м3 көлемінде бекітілген пайдалану қоры бар 4324 кен орны (5282 учаске) және баланстан тыс тәулігіне 1,17 млн/м3 қор есепке алынды.

Сонымен қатар, мемлекеттік бюджет есебінен гидрогеологиялық жете зерттеу, түсірілім және т.б. қатарлы өңірлік зерттеулер жүргізіледі.

Осы жұмыстардың нәтижесі гидрогеологиялық жағдайдың қазіргі жай-күйін, аумақтың инженерлік-геологиялық жағдайын, жаңа картографиялық негіз жасауға және кейіннен іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізу үшін жерасты суының перспективалы учаскелерін анықтауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар елді мекендерді шаруашылық-ауызсумен қамтамасыз ету үшін жерасты суының қорын бағалау және бекіту мақсатында зертеу жүргізеді.

Бұдан басқа, уәкілетті орган жерасты суының мемлекеттік мониторингін жүзеге асырады. Бұл жер қойнауының мемлекеттік қорын ұтымды басқаруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, жер қойнауының өзгеруін уақтылы анықтау, теріс процестер салдарын бағалау, алдын алу, жою үшін жер қойнауының жай-күйін бақылауды қамтиды.

Жерасты суын зерттеу жұмыстары 4000-нан астам бақылау пунктіндегі жерасты суының режимі мен балансын зерделеу объектілерінде жүргізіледі. Мониторинг деректерін әртүрлі мемлекеттік органдар ресурстардың өзгеруін бағалау, жерасты суының сарқылуы мен жай-күйін бақылау үшін пайдаланады.

- Бүгінде көпшіліктің талқысына түскен мәселенің бірі – Балқаш көлінде АЭС салу туралы. Білікті сарапшылар көлдің ресурстары бұзылатындығын айтып дабыл қағып жатыр. АЭС Балқаштың түбіне жетіп, Аралдың кебін кимей ме? 

- Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Ертіс өзені мен көл жағасында орналасқан Курчатов қаласындағы және Үлкен кентіндегі АЭС орналастыру әлеуетті орындарына салыстырмалы талдау жүргізді. Соның нәтижесінде Балқаш АЭС-ін қауіпсіз пайдалану үшін шешілуі қажет мәселелер тізбесін дайындады.

Бірінші – АЭС-ті пайдалану және кейіннен кәдеге жарату кезеңінде су ресурстарымен қамтамасыз ету мәселесі.

Технологиялық жабдықты салқындату жүйелерін жер үсті және жер асты суымен араластыруға жол бермей, су айналымы жүйесінің принципі бойынша орнату керек. Айналым жүйелерін қоректендіру үшін тек АЭС тазартылған суды пайдалану қажет.

Мысалы АЭС-тегі аварияларды талдау кезінде ластанудың бір түрі жер үсті су ағындары мен көлдер арқылы жер асты суының ластануы екені анықталды. Зардап шеккен аудандарда жер асты суының сынамаларын алу радионуклидтердің топырақтың беткі қабатынан жер асты суына да өтуі мүмкін екенін көрсетті. Осылайша, «Фукусима-1» АЭС апатынан кейін жер асты суының ластануын болдырмау бойынша жұмыстардың нәтижелеріне қол жеткізу мүмкін болмады.

Екінші Қытай мен Қазақстанның суды ұтымды пайдалану мәселесі.

АЭС салқындату жүйесін толтыру және оны қоректендіру үшін су айналым жүйесін енгізу деңгейі Қытайдың су саясатына байланысты болатын Балқаш көлі мен Ертіс өзені суының көп мөлшерін пайдалану қажеттілігін жоққа шығармайды. 

Күріш алқаптарын ағыс бойынша жоғары қарай жылдам кеңейту қарқынының салдарынан Қытайда Ертіс және Іле өзендері ағынының азаюы байқалады, бұл елеулі қатер төндіреді. Сонымен қатар, Қытай жаңа аумақтарды игеруді жалғастыруды жоспарлап отыр.

Үшінші – радиоактивті қалдықтарды көму мәселесі.

Радиоактивті қалдықтарды көмудің қауіпсіз орнын анықтау қажет, өйткені АЭЖХА (МАГАТЭ) талаптарына сәйкес радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге арналған қондырғылардың қауіпсіздігі олардың бүкіл қызмет ету мерзімі ішінде тиісті түрде қамтамасыз етілуі керек.

Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу, көму және одан әрі бақылау бойынша қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін терең зерделеу керек.

Төртінші – жобаны іске асыру үшін учаскені толық ауқымды зерделеу.

Гидрогеологиялық тұрғыдан перспективалы учаске аз зерттелген. Өңірлік геологиялық-түсіру жұмыстары жүргізілді. Арнайы гидрогеологиялық зерттеулер, сондай-ақ құйын, дауыл, қар мен қар көшкіні, жауын-шашын, температура, көктайғақ және найзағай қатарлы экстремалды метеорологиялық әсерлерге талдау жүргізу талап етіледі.

- АЭС салу оңай емес. Бұл мәселеде көрші мемлекеттердің де пікірі керек болатын шығар?

- Әрине, жақын көршілеріміздің АЭС салуға қатысты ұстанымдары есепке алынады. Мысалы еліміздің жаңа экологиялық кодексін енгізу арқылы қоршаған ортаны қорғау саласында шешім қабылдауға қарапайым халықтың көптеп қатысуын қамтамасыз ету керек. Әрбір кезеңде жұртшылықтың, оның ішінде Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 21 қазандағы № 86-II Заңы негізінде, яғни трансшекаралық контексте қоршаған ортаға әсерді бағалау туралы конвенция негізінде Қырғыз Республикасы халқының да пікірі талап етілетін болады.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 23 қазандағы №94-II Заңы аясында, яғни трансшекаралық су ағындары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы конвенция негізінде құрылыс орнын Қытай Халық Республикасымен және Ресей Федерациясымен келісу талап етіледі.

Мысалы биыл 24 мамырда Қазақстанда АЭС салу мәселесі жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Осы жиында «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-ға ҚР-дағы атом электр станциясының мерзімі, құрылыс орны және қуат көлемі бойынша ғылыми негізделген ұсыныстар таныстырылды. АЭС орналастырудың екі әлеуетті орны зерттелді. Осы жұмыстың нәтижесі екі әлеуетті аудан бойынша станцияны орналастыруға жарамдылығын көрсетті, бірақ республиканың оңтүстігінде базалық қуаттың болжамды тапшылығын және бірқатар инфрақұрылымдық артықшылықтарды ескере отырып, таңдауды Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен кентінің аумағында жасау ұсынылады.

- Ол сол өңірдегі су жануарларына әсер етпей ме?

- АЭС салу балық ресурстары мен басқа да су жануарларының жай-күйіне теріс әсер етуі және олардың таралымының қысқаруына әкелуі мүмкін.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, АЭС салу кезiнде жануарлар мекендейтiн ортаны, олардың көбею жағдайларын, өрiс аудару жолдары мен шоғырланған жерлерiн сақтауды қамтамасыз ететiн іс-шаралар әзiрленiп, жүзеге асырылуға тиiс.

Осыған байланысты, балық ресурстарына және басқа да су жануарларына жағымсыз әсерді бағалау мақсатында кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, кейіннен балық ресурстарына зиянын анықтау жөніндегі есептерді ұсыну және өтемдік іс-шараларды әзірлеу қажет.

- АЭС дегенде, мәселенің екінші ұшы онымен жұмыс істей алатын мамандардың тапшылығына келіп тіреледі. Шынтуайтында бізде гидрология саласының мамандары жетіспейтіні жасырын емес. Мамандар дайындайтын тиісті оқу орындарын немесе бөлімдер ашу жоспарда бар ма? 

- Соңғы жылдары су ресурстары теңгерімін болжау және оңтайландыру, инвестицияларды негіздеу және бағалау, суды есепке алуды жүзеге асыру, гидротехникалық құрылыстарды және каналдарды дұрыс пайдалану, су тұтынудың тиімділігін арттыру және т.б. білімі мен дағдылары бар су секторында жоғары білікті кадрлардың жетпейтіні анық.

Биыл және алдағы жылдары Қазақ су шаруашылығы ҒЗИ оқу базасында 10-ға жуық семинар-тренинг өткізу жоспарланып отыр. Бұл су секторының желілік-техникалық және инженерлік персоналының 250 маманының біліктілігін көтеруге және оқытуға мүмкіндік береді. Еліміздің су шаруашылығын мемлекеттік міндеттердің бірі ретінде дамытудың маңызы туралы республиканың стратегиялық және бағдарламалық құжаттарында, оның ішінде АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасында, ҚР Президентінің Жолдауында айтылды. 

- Каспий жағалауында итбалықтардың өлімі көбейіп барады. Ондай мәселе жиі айтылатын болды. Бұған қандай тоқтау бар? 

- Расымен биыл Каспий теңізінің Маңғыстау облысының жағалауында Балық шаруашылығы комитеті Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері итбалық өлекселерін анықтады.

Жыл басынан бері өлген итбалықтар саны 219-ға жетті. Олардың өлімі қыста болған деп болжауға болады.

Қазіргі кезде, Гидробиология және экология институты мен Каспий итбалығын зерттеу және оңалту жөніндегі орталығы итбалықтардың өлу себебін анықтау бойынша зерттеулер жүргізіліп жатыр. Зерттеу нәтижелері, сондай-ақ итбалық өлімінің болжамды себептері алдағы уақытта белгілі болады.

Каспий теңізінің жағалау аймақтары мен басқа да учаскелеріне Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының инспекторлары күнделікті мониторинг жүргізіп отыр.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Каспий итбалығының популяциясын сақтау, олардың мекендеу және көбею аумақтарын қорғау үшін Солтүстік Каспийде мемлекеттік табиғи резерват құру бойынша жұмыс атқарылып жатыр.

- Жаз шығып, демалушылар, саяхаттаушылар көбейеді. Әсіресе Ұлттық табиғи парктердің аумағы демалушыларға толатыны айтпаса да түсінікті. Осы орайда ҰТП-лардың қауіпсіздігі, тазалығы мен сақталуы қалай қадағаланады? 

- Келушілерге ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (ЕҚТА) бақылау-өткізу пункттерінде болу ережелері, қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, туристерді тіркеу мен қауіпсіздік ережелері журналында тіркеледі. 

Қазіргі уақытта ұлттық парктер аумағында 30 модульдік санитарлық-гигиеналық торап және 13 биодәретхана жұмыс істейді. Биыл Іле-Алатауында 4, Шарында 7, Көлсай көлдерінде 7 санитарлық-гигиеналық торап орнатылды.

Ұлттық парктер экобелсенділермен және волонтерлармен бірлесіп экологиялық акциялар өткізіп тұрады. Тұрғындар мен өскелең ұрпақты экологиялық ағарту мақсатында жыл сайын 23 наурыз бен 5 маусым аралығында табиғат қорғау мекемелері «Парктер шеруі» табиғат қорғау акциясын өткізеді. Ұлттық парктерде тұрмыстық қалдықтарды жинау үшін жаппай жиналатын демалыс орындарында уақытша сақтауға арналған алаңдар, контейнерлер орнатылған. Демалушылар саны көп аумақтарда қоқыс жинағыштар үшін орындар ұлғайтылды, күн сайын қоқыс жинау және қоқыс полигондарына қоқыс шығару жүргізіледі. Ұлтық парктердің баннерлерінде жедел желі номері (87786785252) көрсетілген, осы номерге туындаған мәселелер бойынша қоңырау шалуға немесе жазуға болады. 

- Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметтегі бюрократиямен күреске қатысты Жарлыққа қол қойды. Өзіңіз басқарып отырған министрлікте бюрократия бар деп ойлайсыз ба? Егер бар болса, оны қалай азайтасыз? Жалпы бюрократиямен күрес мәселесінде қандай тәжірибе ұсынасыз? 

- Министрліктің ішкі құжат айналым процесі негізі ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодесіне, ҚР Үкіметінің Регламентіне және т.б. құжат айналым жүйесін реттейтін нормативтік-құқықтық актілердің талабына сай жүргізіледі. 

Қазіргі таңда, Мемлекет Басшысының мемлекеттік қызметтегі бюрократиямен күреске қатысты Жарлығына сәйкес, Министрліктің ішкі құжат айналым процесін реттейтін Регламентіне тиісті өзгерістер енгізіліп жатыр.

- Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы