Экология. Маңғыстау мәселесі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Қашақов аймақтың бес негізгі экологиялық проблемасын атап көрсетті. 

Біріншіден, Қошқар ата қалдық полигонының проблемасы. Оны қалпына келтіруге республикалық бюджеттен осы жылға 100 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген. Алайда тапсырысты жеңіп алған мердігер мен сол жердегі бірнеше компания арасында түсінбестік бар. Қазіргі таңда олар соттасып жатыр, - деді ол Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің қатысуымен өткен Маңғыстау облысының экологиялық мәселелері мен оны шешуге бағытталған Жол картасын талқылауға арналған онлайн брифинг барысында.

Екінші - Қазақстан ғарыш сапары жүргізген мониторинг барысында анықталған рұқсатсыз төгілген қоқыс үйінділерінің проблемасы. Қазір облыста сондай 193 үйінді бар. Олардың басым бөлігі Ақтау қаласы мен Мұнайлы, Тұпқараған аудандарында орналасқан.

Қоқыс үйінділерін жою бүгінгі күні алдымызда тұрған мәселелердің бірі. Қазіргі таңда Ақтау қаласының әкімдігі 86 орынды жою үшін 100 млн теңге қарастырды. Жыл соңына дейін картада көрсетілген барлық нүкте тазаланады. Ал Түпқараған мен Мұнайла өлкелері мәселені шешу үшін қаражат қарастыруда. Әзірге қаражаттың жоқтығына қарамастан, Тұпқараған ауданы өз күшімен тазалық жұмыстарын жүргізді. Мұнайлы ауданы 45 қоқыс алаңын тазалап шықты.Ондағы қоқыстың 21 үйіндісі бұрыңғы полигон аймағында болғандықтан тізімнен алынып тасталды, - деді ол. 

Үшінші мәселе, бұрыңғы АЗП аумағында көлемі 2 мың тонна болатын иесіз химиялық қалдықтарды жою. 2018 жылы сот шешіміне сәйкес, аталмыш үйінді республика меншігіне беріліп, оны жою жұмыстарын атқару министрлікке жүктелген болатын. Әкім орынбасарының айтуынша, жұмыстарды жандандыру бойынша әкімдіктің және экология департаментінің атынан хат жолданды.

2012 жылы қалдықтарды түгендеу кезінде бір кездегі күкірт қышқыл зауытының аумағында 96 мың тонна темір колчеданы мен 5 мың тонна күкірт қышқылының қалдықтары анықталды. Ол да Ақтау қаласы сотының шешімімен республикалық меншікке берілді, - дейді әкім орынбасары.

Бесінші мәселе - әлеуметтік желіде шуға айналған Шекпе ауылы маңыдағы шаң-тозаң мәселесі. 

Ол жерде жұмыс істейтіндер құрылысқа қажетті құм өндіретін кәсіпорындар. Халық оларды көшіру туралы ұсыныс айтты. Алайда өзге жерде шикізат қорының жеткіліксіздігінен бұл істі жүзеге асыру мүмкін болмады. Дегенмен олардың қоршаған ортаға қаншалықты залал келтіретінін анықтау үшін карьерлерге тексеру жүргізілді. Бірқатар экологиялық талаптардың сақталмайтыны анықталды. Нәтижесінде 18 млн теңгенің залалы келтірілгендіктен кейбір кәсіпорындар әкімшілік жазаға тартылды. Төрт кәсіпорын жұмысын тоқтатты. Ал қалғандарына шаң-тозаңды болдырмау мақсатында арнайы құрылғы орнату міндеттелді. Ондай құрылғы тек шет елде сатылатын болғандықтан пандемияға байланысты қолжетімсіз болды,. Алайда бұл мәселе назарда, - деді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы