19 Тамыз 2026, 19:02 Фото: «Байтақ» жасылдар партиясы

Экология, энергетика және өңірлерді дамыту: «Байтақ» партиясы сайлауалды кездесулерін жалғастырды

Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері сайлауалды науқан аясында тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесулерін жалғастырып жатыр. Кездесулерде экология, энергетиканы дамыту, халық денсаулығы, білім беру және өңірлердің экологиялық қауіпсіздігі мәселелері талқыланды.

Астанада партияның қалалық филиалы Құрылтай депутаттығына кандидат Баубек Нариманмен бірге «Жасыл Аймақ» РМК ұжымымен кездесу өткізді. Қатысушылар елорданы көгалдандыру, жасыл қорды сақтау және көбейту, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, сондай-ақ тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру мәселелерін талқылады.

Алматыда партия өкілдері «Алатау Жарық Компаниясы» ұжымымен кездесті. Жиында энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері сөз болды. «Байтақ» өкілдері ірі энергетикалық және өнеркәсіптік жобалардың қоршаған орта мен халық денсаулығына ықпалын ескеру қажет екенін атап өтті.

Сайлауалды кездесулер өзге өңірлерде де өтті. Ұлытау облысында партия өкілдері Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің қызметкерлерімен, қоғам белсенділерімен және Ардагерлер кеңесінің өкілдерімен кездесті. Кездесуде табиғи және тарихи-мәдени мұраны сақтау, экологиялық қауіпсіздік пен ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелеріне басымдық берілді.

Ақтөбе облысында партия өкілдері Қандыағаш қаласына барып, аудандық аурухана қызметкерлерімен кездесті. Тараптар экологиялық факторлардың халық денсаулығына әсерін, аурулардың алдын алу және өмір сүруге қауіпсіз жағдай қалыптастыру мәселелерін талқылады.

Павлодар облысында бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағына кіретін елді мекендердің радиациялық қауіпсіздігіне назар аударылды. Тұрғындар топырақтың, судың және азық-түліктің жағдайын тұрақты бақылау, сондай-ақ радиациялық ахуал туралы халыққа ашық ақпарат беру мәселелерін көтерді.

Сонымен қатар Алматы облысында партия өкілдері Қарасай ауданының педагогтерімен кездесті. Диалог барысында жастарға экологиялық тәрбие беру, білім беру инфрақұрылымын дамыту, мұғалімдер мен оқушыларға қолайлы жағдай жасау мәселелері талқыланды.

Партия өкілдерінің хабарлауынша, сайлауалды науқан аясында тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесулер алдағы уақытта да жалғасады.