Нұр-Сұлтан тұрғыны эко-стақан шығарумен айналыспақ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Сапаркүл Рабаева қалтаға салып жүруге ыңғайлы әрі экологиялық жағынан тиімді стақандар өндірісін қолға алмақ, деп хабарланды Елорда Инфоның ресми сайтында.
EcoCup деп аталатын жоба туралы идея авторға осыдан бірнеше жыл бұрын келіпті.
«Бірде досым Токиоға іссапармен барып қайтты. Келе сала маған сол жақта көрген ерекше құбылысты баяндап берді. Жапондар қоғамдық орындарда жұқа қағаздан жасалған қалташа-стақандарды пайдаланады екен. Біріншіден, олардың жасалуына кәдімгі бір реттік стақандарға қарағанда әлдеқайда аз шикізат кетсе, екіншіден, ыдырау мерзімі де қысқа. Яғни, пластик секілді жүздеген жылдар бойы жер астында жатпайды. Мұнымен қоса, олар орын үнемдеу жағынан да таптырмас мүмкіндік көрінеді. Сыртқа сөмкесіз шыға қалсаңыз, әлгі стақандарды қалтаға саласыз да кете бересіз. Пайдаланар алдында стақанның бүктеуін жазып, конус немесе цилиндр пішініне келтіріп алсаңыз болғаны. Осы оқиғадан соң біраз уақыт өткен. Бір күні кішкентай баламмен бірге Әзірет Сұлтан мешітіне бардым. Су ішетін бөтелке ала шықпаппыз, ұлым сәлден соң мазасызданып, су сұрай бастады. Бұрышта диспенсер тұр екен, бірақ жанында таза стақан жоқ. Адамдар өздері пайдаланған бір реттік пластик стақандарды сол жерге қайта қойып кетіп жатыр. Амалсыздан солардың бірін жуып, ұлыма су құйып бердім. Сол сәтте бұрынғы жапондардың қалташа-стақандары туралы ой есіме сап етіп түсті», – деді ол.
Жоба авторының айтуынша, эко-стақан құрамының 87%-ы целлюлозадан, ал 13%-ы d2w технологиясымен дайындалған полиэтиленнен тұрады. Бұл әдіс заттың тез ыдырауына ықпал етеді. Қоқысқа тасталған эко-стақан 18 айдың ішінде шіріп кетеді.
Қазіргі таңда Сапаркүлмен бірге Дәурен Сұлтанов және Дәурет Хайриев есімді азаматтар да аталған жобаны жүзеге асыруға кірісті.
«Біз әуелі пилоттық жоба ретінде Қытайдан 55 мың қалта стақанын шығарып әкелдік. Патент мәселесін толықтай бітірген соң, стақандарды Нұр-Сұлтан қаласындағы мекемелерге ұсынып көреміз. Сұраныс көп болып жатса, стақандарды шығаратын станоктардың бірнешеуін сатып алмақпыз. Осы орайда «Даму» қоры тарапынан көрсетілетін қолдаудың зор екенін айтқым келеді. Жуырда осы қор ұйымдастырған «Ұлттық өнім» көрмесіне қатысып, «Ең жаңашыл жоба» номинациясымен марапатталдық», – деді Сапаркүл.