Екінші экономикалық форумы аяқталды
Алматыда «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» екінші экономикалық форумы аяқталды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ. тілшісі.
Үкімет басшысы аталмыш форумның Қазақстан мен шетелдік серіктестер арасындағы инвестициялық ынтымақтастыққа жаңа серпін беретініне сенім білдірді.
Форум жұмысына белсенді ат салысқан ірі халықаралық қаржы ұйымдарының басшылары мен сарапшыларға ризашылығымызды білдіремін. Жалпы бұл форум өңіраралық диалогты нығайтуда ерекше рөл атқарады. Отырыста біз іскерлік байланыстардың ауқымын кеңейту бойынша жан-жақты пікір алмастық. Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы тауар айналымы былтыр 64%-ға өсіп, 49 млрд долларды құрады. Өңірдің экономикалық тұрақтылығы бірінші кезекте біздің ортақ күш жігерімізбен нақты қадамдарымызға байланысты. Ол үшін еркін бәсекелестікті дамыту, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, бизнесті қолдауға басымдылықтар беруіміз қажет, - дейді
Сонымен қатар Әлихан Смайылов бұл шараның жасыл экономиканы дамыту және цифрландыру мәселесіне үлес қосатынын атап өтті.
Орталық Азиядағы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолдары оның ішінде су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері кеңінен талқыланды. Делегация басшылары цифрлық теңсіздікті жою жөнінде жұмысты жалғастыруға ниетті екенін білдірді. Форум аясында еліміздегі және Орталық Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланыстарын жақсарту тақырыбы қозғалды. Бұл орайда Орталық Азияның көлік инфрақұрылымына инвестициялар тарту жөнінде жол картасын әзірлеу келісіміне қол жеткізілді. Сондай-ақ Еуропалық банкітің Орталық Азияда екі өңірлік өкілдігін ашу бастамасын қолдаймыз. Біз өз кезегінде Еуропа елдерінен инвестиция тартуға тың серпін бермекпіз, -дейді Премьер-министр.
Бұдан бөлек, форум аясында Орталық Азияның елдері Еуропалық Одақ мүшелерімен қаржылық, экономикалық меморандумға қол қойды.