19 Ақпан 2026, 15:25 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Екінші деңгейлі банктер үй алу үшін сыйақы бере ме? 

Ұлттық Банкте тұрғын үй жинақтары қандай шарттармен қалыптасатынын түсіндірді.

Қазақстанның коммерциялық банктеріндегі тұрғын үй-құрылыс жинақтары салымшыларға мемлекеттік сыйлықақы түріндегі қолдауды қарастырмайды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Ұлттық Банктің түсіндіруінше, екінші деңгейлі банктердегі тұрғын үй-құрылыс жинақтарының шарттары нарықтық қағидаттар негізінде қалыптастырылады және мемлекет тарапынан бірыңғай міндетті параметрлермен реттелмейді.

Коммерциялық банктер тұрғын үй-құрылыс жинақтарының шарттарын банк және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнама талаптарын сақтай отырып, дербес айқындайды. Жинақтаудың ең төменгі мерзімі мен көлемі, сондай-ақ депозиттер мен қарыздар бойынша мөлшерлемелердің бірыңғай міндетті параметрлері белгіленбейді, - деп хабарлады Ұлттық Банк.

Реттеуші орган мұндай өнімдерді әзірлеу барысында банктер олардың ашықтығы мен клиенттер үшін түсініктілігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ тұрғын үй жинақ жүйесінің негізгі қағидатын сақтауға міндетті екенін атап өтті.

Тұрғын үй-құрылыс жинақтарының шарттары банктер тарапынан “алдымен жинақтау — кейін қарыз алу” қағидатын және тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнама талаптарын міндетті түрде сақтай отырып айқындалады, — деп нақтылады ведомство.

Сонымен қатар Ұлттық Банк мемлекеттік қолдау мәселесіне де ерекше тоқталды. Реттеушінің мәліметінше, екінші деңгейлі банктердің тұрғын үй-құрылыс жинақтары жүйесіне қатысуы арнайы мемлекеттік бағдарламалардағыдай салымшыларға мемлекеттік сыйлықақы төлеуді көздемейді.

Екінші деңгейлі банктердің тұрғын үй-құрылыс жинақтары жүйесіне қатысуы салымшыларға мемлекеттік сыйлықақы түріндегі қолдау көрсетуді қарастырмайды, — делінген ресми жауапта.