Екібастұздықтар қараша мен желтоқсан үшін жылу ақысын төлемейді
Бұл туралы «Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Орал Бағдат жедел штабтың Екібастұз қаласын жылумен қамту бойынша қазіргі жағдайына қатысты өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, тұрғындар екі ай жылу ақысын төлеуден босатылады.
Жылусыз қалған үйлердің тұрғындары қараша мен желтоқсан үшін жылу энергиясына ақы төлемейді. Біз жылу параметрлері төмендеген, қызбаған үйлердегі жылумен жабдықтаудың қайта есебі жүргізілуі үшін тиісті қызмет орындарымен жұмыс жүргіземіз, - деп түсіндірді корпорация басшысы.
Сондай-ақ ол кіреберістер мен пәтерлердегі жылумен жабдықтаудың барлық ішкі жүйесі ауыстырылды деп отыр.
Бұл шаралардың шығыны «Екібастұзтеплоэнерго»-ның өзінің қаржылық көмек көрсету жолымен компания холдингінің топтары есебінен толтырылады. Біз қазір есептеулер жүргіздік. Бүгінгі таңда қаржылық көмек 891 млн теңгені құрады. Бұл жұмысты жалғастыратынымыз сөзсіз. Соның ішінде кәріз жүйесін қалпына келтіру жұмыстары да тоқтамайды, - деді Бағдат Орал.
Еске сала кетейік, 27 қараша күні Екібастұз қаласындағы жылу-электр орталығында орын алған апат салдарынан қала жылусыз және ыстық сусыз қалған еді.
28 қараша күні қалада ТЖ режімі жарияланды.
Бұған дейін қала әкімі Аян Бейсекин өзінің үйінде де жылу болмағанын және отбасының қалада екенін айтқан болатын.