Екібастұздың орталығында бес жасар бала құдыққа құлап кетті
Оқиға қала орталығында болған, баланы құтқарушылар шығарып алды.
Екібастұз қаласында «Өнер» мәдениет орталығының маңында бес жасар бала ашық жатқан құдыққа құлап кеткен.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Зардап шеккен баланың анасы жағдайдың қалай болғанын айтып берді. Оның сөзінше, 2019 жылы туған ұлы абайсызда тереңдігі екі метрден асатын ашық құдыққа түсіп кеткен. Қауіпті аумақ мәдениет орталығының дәл жанында орналасқан. Алайда ол жерде ешқандай қоршау, ескерту белгісі немесе қорғаныс құрылғысы болмаған.
Құлаған кезде бала жарақат алған. Қазір ол қаладағы медициналық мекемеде ем алып жатыр. Дәрігерлер қажетті көмек көрсетуде.
Оқиға сәті мәдениет орталығы маңындағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Видеода баланың құдыққа құлап кеткені, кейін өз күшімен сыртқа шыққаны анық көрінеді.
Бұл жағдайға байланысты Екібастұз полиция басқармасы пікір білдірді.
Магистральдық құбырларды салу, пайдалану немесе жөндеу кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу аясында қажетті шаралар жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталады, – деп мәлімдеді Екібастұз полиция басқармасы.
Тергеу барысында аталған аумақтың қауіпсіздігі мен күтіміне жауапты тұлғалар анықталмақ.