Екібастұздағы жағдай: 20-ға жуық көпқабатты үй жылусыз отыр

Екібастұз қаласында 20-ға жуық көпқабатты үйде әлі күнге дейін жылу жоқ, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, 18 мекенжайға  апаратын жылу желілері қатып қалған. Бірақ, 15 бригада іске қосылып, сегіз нысан бойынша проблема шешілді.

Жылу желілерінде 15 ірі ақау анықталды. Оның 14-і қалпына келтірілді. Сонымен қатар, кеше тағы біреуі табылды. Бұл жағдайлар бойынша тиісті шаралар қолға алынды. Үлкен ақаулықтардан басқа шағын олқылықтар да табылып жатыр. Айта кететін жайт,  Екібастұз қаласында 420 шақырымдық жылу желісі бар. Бұл  - тек жылу электр станциясына тиесілі инфрақұрылым. Бұдан басқа жеке абоненттердің балансында 80 шақырымға жуық желілер бар. Ағымдағы жөндеуге қаражат қарастырылса, жекеменшік құбырлардағы жөндеуге ақша бөлінбейді. Сол желілерде 90-ға жуық ақау табылып, толық жойылды, - дейді шаһар әкімі Аян Бейсекин.

Жедел штабтың ақпараты бойынша жылу құбырларындағы судың кетуін тоқтату тағы екі магистральде жүріп жатыр. жалпы, үйлерді жылуға қосу жұмыстарына 143 маман мен 35 техника жұмылдырылды. 

«Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Оралдың айтуынша, қазіргі уақытта негізгі апаттық учаске анықталды.

Апат №52 орталық жылу пунктінде орналасқан. Барлық күш осында шоғырланды. Біз асфальт қабатын алып тастап, құбырдың өзіне жеттік. Құбырды ауыстырған соң жылу желісіне қосыла бастаймыз, - дейді Бағдат Орал.

Айта кетейік, төтенше жағдай режимі аясында қалада тұрғындарды ңөтініштеріне арналған шұғыл желі жұмыс істеп тұр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы