Екібастұздағы төтенше жағдай: жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр

Екібастұздағы жылу желілеріндегі апат жойылған жоқ. Қазіргі уақытта жылу магистраліндегі жөндеу жұмыстары жалғасын табуда, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі уақытта қалада жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Бүгінде Екібастұз қаласында 700-ге жуық көпқабатты үй болса, олардың 150-ге жуығы жылу желісінен ажыратылған. Жергілікті әкімдіктің соңғы ақпараты бойынша 120 көпқабатты нысан мен 20 әлеуметтік мекеме жылынды. Бес мекеме мен 17 көпқабатты үй әлі күнге дейін жылусыз отыр.

Жергілікті билік жылу жүйесі толық режимге бірнеше сағат ішінде қосылады деп уәде беріп отыр.

Негізгі мәселе – коммуналдық желілердің тозуында. Бүгінде желілердің 90%-і тозған. Желілердегі ақаулар осы проблема салдарынан пайда болды. Ендігі мақсатымыз желілердің барлығын модернизациялаудан өткізу. Алдағы жарты жыл ішінде техникалық жылу желілері мен станцияда аудит өткіземіз.  Тексеріс нәтижесінде инфрақұрылымның әлсіз тұстары анықталады, - дейді Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин.

Кешеден бері Екібастұз қаласының әр бөлігінде ақаулар анықталды. Дрондар шаһардың 20 мың шаршы метрлік аумағын зерттеді. Нәтижесінде белгілі болған құбырларда шұғыл түрде жөндеу жұмыстары басталды. Қалыпқа келтіру шараларына 138 маман мен 35 техника жұмылдырылды. 

Жылудың болмауы мен аяздың күшеюіне байланысты мектептер қашықтықтан оқу режиміне ауыстырылды. Бүгінде шаһарда 25 мектепте 20 мыңнан оқушы білім алады. Кеше кешқұрым қиын өмірлік жағдайға тап болған 36 бала Павлодар қаласындағы №7 мектеп-интернатына уақытша көшірілді.

 Денсаулық сақтау саласындағы мәселе өзгеше. Науқастарды көшіру шешімі қабылданса, облыс орталығында 300 төсек-орын дайын тұр.

Екібастұз қаласының емдеу мекемелерінде 300 науқас жатыр. оларды көшірген жоқ. Тек денсаулығы орташа деңгейдегі 13 пациент облыс орталығына жеткізілді.  Қаладағы психикалық денсаулық орталығындағы жылу парамтрлері төмен. Сондықтан, науқастардың 26%-ын облыс орталығындағы салалық мекемеге жеткізу жөнінде шешім қабылданды, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов.

Еске сала кетсек, бүгін түнде Екібастұз қаласында төтенше жағдай режимі жарияланды. Оғиғаға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке және облыс әкімдігіне таяу күндері Екібастұздағы жағдайды қалыпқа келтіру, қаладағы ауыр ахуалға жол берген адамдарды жауапқа тартуға тапсырма берді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы