Екібастұздағы орташа айлық жалақы 321 мың теңгеге дейін өседі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Үкімет отырысында айтты.
Ол атағандай, кешенді жоспар аясында 200 мың шаршы метр кредиттік және жалға берілетін тұрғын үй салу, сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысы үшін 370 учаске бөлу көзделген.«Business Ertis» өңірлік жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Халықтың өмір сүру сапасын арттыру және жағдайын жақсарту мақсатында жалпы сомасы 84,9 млрд теңгеге тұрғын үй, инженерлік-коммуникациялық және жол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 37 іс-шара іске асырылады. Қалада 50 км магистралдық және квартал іші жылу желілері салынады, сонымен қатар кейбірі қайта жаңартылады, - деді Әсет Ерғалиев.
Ол атап өткендей, мәдениет және спорт саласын дамытуға «Исабек Ишан Хазрет» мұражайы, 2 мәдениет үйі, мұз аренасы, 20 стрит-воркаут және 10 стритбол алаңы салынады.Қалада 104,7 км сумен жабдықтау және су бұру желілері, 32,5 км су құбыры желілері және 2 тазарту сорғы станциялары салынады және кейбірі қайта жаңартылады. Денсаулық сақтау және білім беру жүйелері қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін қазіргі заманауи инфрақұрылым құру көзделген. Денсаулық сақтау саласындағы материалдық-техникалық база нығайтылады. 350 орындық балалар шығармашылығы орталығын салу, 20 мектепті күрделі жөндеуден өткізу, 320 орындық балабақшаны қайта жаңарту көзделіп отыр, - деді ол.
Министр атағандай, 2025 жылға қарай Кешенді жоспарды жүзеге асыру өнеркәсіп көлемінің 22%-ға артуын, шағын және орта бизнестің шығару өнімі 38,2%-ға өсуін қамтамасыз етеді.Сондай-ақ 2 өрт сөндіру депосы салынады және екеуі жөнделеді. Қаланың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында кешенді жоспар жобасы атмосфералық ауаға шығарындыларды азайту жөніндегі кәсіпорындарды жаңғыртуды, сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауды енгізу, қоқыс тастайтын жерлерді жою және тағы басқада іс-шараларды көздейді, - деді ол.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2025 жылға қарай бес есеге өседі.16,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құру, орташа айлық жалақы 321 мың теңгеге дейін өседі. Шамамен 200 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Ұсынылып отырған, Кешенді жоспарды іске асыру қала экономикасының өсу қарқынын ұлғайтуды және халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етеді, - деді ол.