Екібастұздағы көпқабатты тұрғын үйлерге 1 қазанға дейін жылу беріледі
Қазіргі уақытта Екібастұз ЖЭО-дағы №1 турбинаны, №6, №7, №8, №11 қазандықтарды жөндеу аяқталды. Жылу беру маусымында жұмысты қамтамасыз ету үшін он қазандықтың алтауы 100% дайын. Үш қазандық агрегаты іске қосылды. Бұл туралы Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Екібастұз қаласына барып, Екібастұз ЖЭО-дағы және жылумен жабдықтайтын магистральдік желілердің жөндеу жұмыстарын тексерді. Өңір басшысы ЖМ-1 және ЖМ-3 жылу магистральдарын реконструкциялау жұмыстарының аяқталуын тексерді. 28 қыркүйекке дейін мамандар желілерді жуу, толтыру жұмыстарын жүргізеді және гидравликалық сынақтан өткізеді. Бүгінгі таңда кеншілер қаласындағы 79 әлеуметтік нысанның 75-і және 702 көпқабатты тұрғын үйдің 44-і жылуға қосылған. Ал 1 қазанға дейін көпқабатты тұрғын үйлерді қосу міндеті қойылды, - деп мәлімдеді баспасөз қызметінен.
Ал Павлодар қаласының басшысы Хасар Хабылбеков жергілікті жылумен қамту мекемелеріне 30 қыркүйекке дейін облыс орталығындағы барлық көпқабатты тұрғын үйге жылу кіруі керек деген тапсырма берді.