Екібастұздағы аш-жалаңаш балалар: шенеуніктер сөгіс алды
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Екібастұз қаласындағы пәтерлердің бірінен табылған аш-жалаңаш балаларға қатысты жантүршігерлік оқиға жалғасын тапты.
Кәмелеттік жасқа толмағандарды осындай жағдайға жеткені үшін Ақсу және Екібастұз шаһарларының әкімдері сөгіс алды.
Бұл туралы облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов көшпелі отырыс барысында мәлімдеп, мемлекеттік мекемелердің жұмысын сынға алды.
Аш-жалаңаш, науқас балалардың жағдайы жүректі қатты ауыртты. Жеке отбасының немесе қоғамның тұтас санатының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайындағы мәселелердің себептерін ұзақ талдауға болады. Проблеманы психолгтар және басқа сарапшылармен жасайтын боламыз. Сондықтан, бірқатар мәселені анықтауымыз керек. Осыған қатысты бірнеше сұрақ туындайды. Балалар бірнеше жыл қатарынан құзырлы органдардың назарынан тыс қалған. Неге? Олар ешбір емхананың тізімінде жоқ. Әлеуметтік органдардың тізімінде бұл отбасы көпбалалы ретінде тіркелген. Екіншіден, жанұя Екібастұз қаласында екі жыл бойы тұрады. Ал Ақсу қаласының есебінде тұр. Жауапты мекемелер бұдан бейхабар болып шықты. Учаскелік полицейлердің жұмысы тиісті деңгейде емес. Халық санағы қалай жүргізілді? Отбасы балаларға арналған жәрдемақы алады. Ал арнайы көмек неге есептелмеген. Сұрақ көп. Әр жағдай бойынша жауап күтеміз, - дейді Әбілқайыр Сқақов.
Еске салсақ, демалыс күндері Екібастұз қаласында пәтерде қамалған төрт баланы волонтерлер тауып алды. Жеті, бес, төрт және үш жасар бүлдіршіндер бірнеше күн бойы тамақтанбаған. Оған қоса, барлығы науқас болып шықты. Бүгінгі күнге дейін емделмей келген. Балалардың барлығына шұғыл түрде медициналық көмек көрсетілді. Үй ішінде не киім-кешек, не азық-түлік болмаған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің хабарлауынша, қазіргі уақытта балалар инфекциялық аурулардан емделіп жатыр. Кейін кешенді тексеру жүргізілмек. Жеткіншектердің амбулаториялық карталары анасына берілгенмен, тұрғылықты жерлері бойынша ешбір емханаға тіркелмеген.