Екібастұзда жылу режимі алдағы 10-12 күнде реттелуі мүмкін
Екібастұз қаласында жылу режимі алдағы 10-12 күнде реттеледі деген болжам бар, деп хабарлайды BAQ.KZ Павлодардағы тілшісі.
Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта жылу электр станциясы химиялық тұрғыдан тазаланған техникалық сумен қамтылған. Нәтижесінде су жоғалту тоқтатылды. Бүгінгі таңда жылу таратушы кәсіпорын мен шаһардағы 300 шақырымнан асатын желі жөндеу жұмыстарына дайындалып жатыр.
«Орталық Азия Энергетикалық компаниясы» АҚ-ның басқарма басшысы Бағдат Оралдың айтуынша, коммуналдық апат болған күннен бері жөндеу жұмыстарына 2 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінген. Ауқымды жөндеу жұмыстары жалғасын таба бермек, келесі жылу маусымында олқылықтар болмайды деген сенім бар.
Айта кетейік, жылу параметрлері нормаға сай болмағандықтан, тұрғындар электр құралдарын пайдалану арқылы үйлерін жылытуға мәжбүр. Салдарынан электр энергиясының шығындары күрт артқан. Оған қоса, кей азаматтардың пәтерлеріндегі тұрмыстық техника істен шыққан.
Бүгінгі таңда бар қаражат жылу электр станциясының жұмысын реттеуге бағытталып жатыр. Бар қаржыны электр энергиясының шығынын өтеуге жұмсасақ, қиыншылықтар болуы мүмкін. Бірақ, мәселені шешуге тырысып көреміз. Мүмкіндіктерімізді қарастырамыз. Есептеу айдың соңында болады. Наурыздың басында нақты шешім қабылдайтын боламыз, - дейді Бағдат Орал.
Оның айтуынша, апат болғанға дейін Екібастұз тұрғындары элект энергиясы үшін орташа есеппен 3,5 мың теңге төлесе, қазіргі уақытта бұл сома 10-15 мың теңгеден асып кеткен. Жалпы есептеулер ақпан айының соңында белгілі болады.
Еске сала кетсек, Екібастұз қаласында жылу режиміне қатысты мәселені шешу үшін сегіз қазандық агрегатын жөндеу жоспарланған.