17 Ақпан 2026, 07:14 Фото: BAQ.KZ архиві

Екібастұзда жүкті әйел үйінде босанып қалды

Белгілі болғандай, босануды әйелдің анасы қабылдаған.

Екібастұз қаласында үй жағдайында босану дерегі тіркелді. Оқиға 14 ақпан күні орын алған, деп хабарлайды BAQ.KZ Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Таңғы сағат 06:05-те «103» қызметінің жедел басқару пультіне шұғыл қоңырау түскен. Шақырту бойынша медициналық бригада бес минут ішінде көрсетілген мекенжайға жеткен.

Дәрігерлер келген кезде салмағы шамамен 3 келі, бойы 50 сантиметр қыз бала дүниеге келгені анықталған. Белгілі болғандай, босануды әйелдің анасы қабылдаған.

Медицина қызметкерлері қажетті алғашқы тексеру жұмыстарын жүргізіп, жылу тізбегін сақтай отырып, ана мен жаңа туған нәрестені тұрақты жағдайда қалалық перзентханаға жеткізді. Қазіргі уақытта олардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағалануда.

Облыстық «103» станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко медициналық мекемеден тыс босану, асқынусыз өткеннің өзінде, ана мен бала өміріне елеулі қауіп төндіруі мүмкін екенін атап өтті. Оның айтуынша, үй жағдайында шұғыл асқынулар кезінде білікті көмек көрсету мүмкіндігі шектеулі әрі толық стерильді орта қамтамасыз етілмейді.

Мамандар болашақ аналарды өз денсаулығы мен сәбидің қауіпсіздігін басты назарда ұстап, босану процесін арнайы медициналық ұйымдарда өткізуге шақырады.