Екібастұзда төрт балықшы отырған шағын автобус мұз астына түсіп кетті
Екібастұз қаласында 9-насос станциясы маңындағы су қоймасында төрт балықшы отырған шағын автобус мұз астына түсіп кетті. Оқиға туралы хабар полицияға 17 қаңтар күні сағат 7:33-те түскен, деп хабарлайды BAQ.KZ Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға орнына алғаш болып учаскелік полиция инспекторы Архар Оспанов жеткен. Ол көлікті және оның маңында жүрген ер адамдарды байқап, деректерді жедел-тергеу тобына және төтенше жағдайлар қызметінің мамандарына жеткізген.
Құтқару операциясы нәтижесінде төрт ер адам түгел эвакуацияланып, алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Екібастұз қалалық полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов балықшылардың қатты тоңғанын айтты. Олардың киіміндегі су қатып қалғандықтан, көмек көрсету үшін құтқарушылар киімдерін кесуге мәжбүр болған. Суық тию белгілері бар зардап шеккендер медициналық мекемеге жеткізілді, өмірлеріне қауіп жоқ.
Полиция мәліметінше, ер адамдар қатты аяз бен мұзға шығудың қауіптілігі туралы ескертулерге қарамастан қысқы балық аулауға шыққан. Құрал-жабдықтарын түсіргеннен кейін көлік суға кеткен, оны шығару мүмкін болмаған.
Құқық қорғау органдары тұрғындарды төмен температура кезеңінде жолға шықпауға және мұзға бармауға тағы да шақырып, қауіпсіздік әрдайым басты орында болуға тиіс екенін ескертті.