Екібастұз ГРЭС-1 өткен жылды рекордтық көрсеткішпен аяқтады

Астана, BAQ.KZ. 2018 жылы «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС 19,1 млрд кВтс электр энергиясын өндірді. Бұл туралы «Самұрық-Энерго» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.


Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС өткен жылы 19,1 млрд кВт электр энергиясын өндірген. Бұл 2017 жылға қарағанда 29%-ға жоғары. Қазақстан нарығында ЕГРЭС-1 өндірген электр энергиясының үлесі 18,9 %-ды құраған.  

«Станция бұл орайда жобалық жиынтық қуаты 3000 мВт құрайтын алты энергия блогының бәрі жұмыс істеп тұрып, 2018 жылғы 20 желтоқсанда қол жеткізген 3031 МВт рекордтық жүктемемен күзгі-қысқы кезеңге толық дайындығын көрсетті. Тұтас алғанда, сегіз энергия блогының бәрі жұмыс істеген кезде, электр станциясының белгіленген қуаты 4000 МВт-ты құрайды», - делінген хабарламада.

Жыл бойы Екібастұз ГРЭС-1 өз тұтынушыларын электрмен үздіксіз қамтамасыз ету үшін тұтас іс-шаралар кешенін орындаған. Атап айтқанда, жыл басынан бері станцияда №4 энергия блогында кеңейтілген жөндеу, №3, 5, 7, 8 энергия блоктарында ағымдағы жөндеу, №2 және №6 энергия блоктарында күрделі жөндеу жүргізіліпті. Сондай-ақ  қазір соңғы, есеп бойынша сегізінші, №1 энергия блогында қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Станцияның бұдан басқа энергия блоктары секілді, аталған энергия блогы күл тұту дәрежесі 99,6 % болатын жаңа буындағы тиімділігі жоғары электр сүзгісімен жабдықталмақ.

«2021 жылға қарай отын-көлік цехының өндірістік кешенін қайта құру және қайта жаңғырту жобасын аяқтау жоспарланған. Жоба цехтар жабдығының өнімділігін, сондай-ақ оның сапасы мен сенімділігін арттыруға бағытталған. Аталған жабдық қазандық агрегаттары үшін қажетті отынды дайындау, тасымалдау және бөлу бойынша үлкен жұмыс атқарады. Мәселен, 2018 жылы станцияның «Богатырь Көмір» ЖШС-нен жеткізілетін көмірді тұтыну көлемі 11,636 млн тоннаны құрады», - делінген хабарламада.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы