Екібастұзда ЖЭС-тағы апат салдарынан 40 жастағы жұмысшы көз жұмды

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Екібастұз жылу электр станциясында қайғылы оқиға болды. Су жіберу құбырының жарылуы салдарынан өндіріс ошағының 40 жастағы ауысым бастығы күйік алып, көз жұмды.

Оқыс оқиғаның орын алғанын сала мамандары растады. Павлодар облыстық еңбек инспекциясының мемлекеттік еңбек инспекторы Сергей Чеигвинцевтің хабарлауынша, ер азамат бұл кәсіпорында соңғы 10 жыл бойы еңбек еткен.

«Кешкі уақытта №8 қазандық барабанындағы су деңгейінің төмендеуі салдарынан агрегаттың жұмысы тоқтап қалған. Яғни, бу сыртқа тарап, қазандық жұмысын тоқтатқан. Бұл туралы станцияның ауысым бастығы Е. Жақсыбаевқа машинист хабарлаған. Қазандықтурбиналық цехы бастығының мүрдесі агрегаттан 18 метрлік жерден 30 минуттан кейін табылды. Бүгін оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы жұмыс комиссиясы құрылды. Жуық арада тиісті шаралар басталады», - дейді Сергей Чеигвинцев.

Азаматтың жатқаны белгілі болған соң оқиға орнына жедел медициналық қызмет мамандары жеткен.

«Өкінішке қарай, қатты күйік салдарынан жұмысты тілге келместен қайтыс болды. Ақ желеңділер азаматтың биологиялық өлімін тіркеді», - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиева.

Сала мамандарының мәлімдеуінше, кәсіпорындағы апаттың алдын ала болжамы – «Экибастузтеплоэнерго» ЖШС-не қарасты №8 қазандық агрегаты құбырының жарылуы.

Айта кетейік, 40 жастағы жұмысшының артында 74 жастағы анасы мен қызы қалған.

Облыстық еңбек инспекциясы өкілдерінің хабарлауынша, жыл басынан бері кәсіпорындарда қайғылы 9 оқыс оқиға тіркелді.

 Ақмаржан Әділбек

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы