Екібастұз кәсіпкерлері OnlineDuken платформасының шағын дүкендерге қандай мүмкіндік беретінін айтты
OnlineDuken платформасын бүгінде 400-ден астам сауда нүктесі пайдаланады
Біз Екібастұзда кәсіпкерлермен ашық диалог орнату мақсатында бизнес-форум ұйымдастырдық. Өздеріңіз білетіндей, Екібастұз бүгінде экономикалық әлеуеті жоғары, қарқынды дамып келе жатқан өнеркәсіптік қала. Бұл даму шағын және орта бизнеске де үлкен серпін беріп отыр, – деді банктің Екібастұз өңірлік филиалының директоры Рустам Нұрышев.
Банк көзқарасы
Рустам Нұрышевтің айтуынша, Halyk үшін тек қаржы ұйымы емес, шағын және орта бизнестің толыққанды институционалдық серіктесі болу маңызды. Сондықтан банк OnlineDuken платформасын пайдаланатын кәсіпкерлердің қандай қиындықтарға тап болып жүргенін анықтап, оларды шешу жолдарын ұсынуды көздейді.
Шағын бизнес өкілдері пайдалануға ыңғайлы әрі дайын кешенді шешімдерге қажеттілік бар екенін атап өтті. Яғни кәсіпкерлер қымбат арнайы жабдық сатып алмай-ақ, смартфон арқылы фискалдық чек беруге, қолма-қол ақшасыз төлем қабылдауға және қойма есебін жүргізуге мүмкіндік алғысы келеді, – деп түсіндірді Рустам Нұрышев.
Оның сөзінше, заңнама, салық талаптары мен нарық жағдайы жылдам өзгеріп отырғандықтан, кәсіпкерлермен бір реттік кездесулер өткізу жеткіліксіз.
Мұндай форумдар кәсіпкерлердің өңірлерде кездесетін өзекті мәселелерінен жедел хабардар болуға және оларды шешу үшін экожүйеміздің дайын құралдарын ұсынуға мүмкіндік береді. Сондықтан осындай кездесулерді тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Рустам Нұрышев.
Кәсіпкерлер пікірі қандай?
«Той Маркет» дүкенінің иесі Ольга Кожевникова форумның практикалық тұрғыдан пайдалы болғанын атап өтті. Оның айтуынша, кездесу барысында OnlineDuken платформасының мүмкіндіктерімен кеңірек танысып, күнделікті жұмыстың көптігінен бұрын пайдаланып үлгермеген функциялары туралы білді.
Сондай-ақ басқа кәсіпкерлермен кездесіп, пікір алмасудың сәті түсті. Күнделікті тіршілікте оған уақыт жете бермейді. Ал мұнда сондай мүмкіндік болды. Кездесу маған өте ұнады, – деді Ольга Кожевникова.
OnlineDuken күнделікті жұмысты қалай жеңілдетеді?
Бизнес-форумға қатысқан кәсіпкерлер OnlineDuken сервисінің қолайлылығымен қатар, банктің күнделікті жұмысты жеңілдетуге арналған экожүйелік шешімдерін де атап өтті. Платформа арқылы бонус жинауға болады. Ал үй маңындағы дүкендердің иелері төлемдердің жылдам жүргізілуі мен бөліп төлеу мүмкіндігін ерекше бағалайды.
OnlineDuken платформасын өз дүкенін ашқанға дейін пайдалана бастаған Ольга Кожевниковаға жеткізушілермен есеп айырысу кезінде бонус алу мүмкіндігі ұнайды. «Той Маркет» дүкені иесінің айтуынша, жиналған бонустарды жаңа тауар сатып алуға жұмсауға болады.
Кәсіпкер дүкенге арналған ғимарат сатып алу үшін Onlinebank қосымшасы арқылы бизнес-несие де рәсімдеген. Ол несиені автоматты түрде өтеу функциясының қолайлы екенін атап өтті.
Несие төлеуді уайымдамаймын. Күн сайын шотымнан тиісті қаражат автоматты түрде ұсталады. Ал айдың 10-ы күні несиенің ай сайынғы төлемі өтелгені туралы SMS-хабарлама келеді. Өте ыңғайлы, – деді кәсіпкер.
«Манго» жеміс-жидек қоймасының иесі Надира Сейтқазинова да OnlineDuken платформасын бір жылға жуық уақыттан бері пайдаланып келеді. Ол бөлшек сауда саласында он жылдан бері еңбек етіп жүр, ал жеке дүкенін үш жыл бұрын ашқан.
OnlineDuken арқылы жүкқұжаттар бойынша төлем жасап, қажетті есеп айырысу операцияларын жүргізе аламыз. Жеткізушілер бізге тауар жібереді, ал біз осы сервис арқылы барлық шотты төлейміз. Бонустар жинала бастағаннан кейін оларды да төлем жасауға пайдаланып жүрміз. Бұл біз үшін ыңғайлы әрі тиімді, – деді Надира Сейтқазинова.
Цифрлық құралдардың тиімділігін сегіз жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Пятнашка» дүкенінің иесі Майра Амербекова да атап өтті. Кәсіпкердің айтуынша, бонус жинаумен қатар, төлемдердің жылдам жүргізілуі және тауарды бөліп төлеу мүмкіндігі де қолайлы.
Үй маңындағы дүкендерге арналған B2B-маркетплейс – OnlineDuken іске қосылғалы бері платформаның айналымы 300 млрд теңгеден асты. Сервиске 20 мыңнан астам шағын маркет қосылған. Бұл – Қазақстандағы осындай форматтағы дүкендердің жартысына жуығы. Ал платформадағы дистрибьюторлар саны 500-ден асады.
Бұл көрсеткіштер дәстүрлі бөлшек сауда саласында заманауи цифрлық шешімдерге сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.
Банктің экожүйелік тәсілінің арқасында үй маңындағы дүкендердің иелері негізгі бизнес міндеттерін бірыңғай цифрлық ортада шеше алады. Атап айтқанда, Halyk арқылы қолма-қол ақшасыз төлем қабылдауға, OnlineDuken арқылы жеткізушілерден тауар сатып алуға, сондай-ақ re:Kassa кассасы арқылы сауда жасап, фискалдық чек беруге болады.
Сонымен қатар кәсіпкерлер қосымша кассалық жабдық сатып алмай-ақ, смартфон арқылы тауар қорын есепке алып, негізгі бизнес-процестерді басқара алады.